Цифрлық технологиялар ШҚО-дағы еңбек нарығына қалай әсер етіп жатыр?
Шығыс Қазақстан облысында биыл 30 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады. Жаңа жұмыс орындарының сапасы мен тиімділігі цифрлық мониторинг арқылы бақылауға алынып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыстық жұмыспен қамтудың өңірлік картасы аясында қазіргі таңда 11 мыңнан астам тұрғын тұрақты жұмыс тапқан. Сонымен қатар 4 мың бос жұмыс орны «Электрондық еңбек биржасы» платформасында жергілікті кәсіпкерлер тарапынан ұсынылған.
ШҚО-да цифрлық трансформация аясында жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарын аудару процесі мен еңбек шарттарын электронды түрде рәсімдеу ашық әрі қолжетімді бола түсті. Ал жұмыс орындарын субсидиялау тетігі компания басшыларына жалақы қорына түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік беріп отыр.
Сондай-ақ өңірде «Мансап компасы» атты жаңа онлайн-платформа іске қосылды. Онда 6 мыңнан астам мектеп оқушысы тіркеліп, мамандықты анықтау бойынша кәсіби диагностикадан өтті.
Цифрлық шешімдердің арқасында еңбек нарығындағы үрдістер неғұрлым нақты көрініс тауып, жұмыспен қамтудың тиімділігі артуда. Бұл – еңбек ресурстарын басқарудың жаңа сапалық деңгейіне көшу жолындағы маңызды қадам.
Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі


