Өскеменде сүзбелі ірімшік өндірісі жолға қойылды
Шығыс Қазақстанда алғаш рет сүзбелі ірімшік (сырок) өндірісі іске қосылды. Бұл – бүгінде ішкі нарықты шетелдік сүт өнімдері жаулап алған тұста, аймақтық қайта өңдеу саласы үшін маңызды жаңалық. Өскемендегі танымал сүт өнімдері бағытындағы кәсіпорын табиғи құрамды, қоспасыз сүзбелі ірімшікті өз технологиясы негізінде өндіре бастады. Жоба импортты алмастырып, отандық өнімнің түрін арттыру арқылы ішкі нарықты сапалы өніммен қамтуға бағытталған.
Кәсіпорын бас технологы Шынар Сембаеваның айтуынша, сүзбелі ірімшік өндірісіне дайындық бір жылға созылып, арнайы мамандар Ресей мен Беларусь зауыттарында тағылымдамадан өткен. Өндірістік желіге қажетті барлық жабдықтар шетелден әкелінген. Себебі мұндай өнім өндіруге арналған құралдар Қазақстанда шығарылмайды.
Жаңа өндіріс желісінде алты адам жұмысқа тартылған. Олардың қатарында жас мамандар да бар. Соның бірі - технолог Құндыз Бахтиярова. Мамандығы бойынша өз ісін бастауға мүмкіндік алған жас қызметкер сүзбелі ірімшік өндірісін кәсіби дамудың жаңа кезеңі деп бағалап отыр.
Айта кетерлігі, отандық «Восток-Молоко» кәсіпорны соңғы жылдары өнім түрлерін кеңейтуді жүйелі қолға алған. Өткен жылдан бері зауытта қатты ірімшік - «Пармезан» өндірісі жолға қойылған. Бұл өнімге де технологиялық талап жоғары: дайын өнім сатылымға шыққанға дейін кемі бір жыл арнайы камерада жетіледі. Бүгінде кәсіпорында шығарылатын ірімшіктің 10 түрі бар.
Бүгінде зауытта күніне 140 тонна сүт өңделеді. Шикізат негізінен облыс ішіндегі серіктес сүт фермаларынан – Украинка, Донское, Бобровка, Шемонаиха, Рулиха ауылдарынан жеткізіледі. Сонымен қатар Павлодар облысынан да сүт тасымалданады. Кәсіпорынның толық өндірістік қуаты – тәулігіне 220 тонна сүт.
Аймақтық қайта өңдеу секторын шикізатпен қамту және сүт өндірісін арттыру мақсатында облыста биыл бірнеше жаңа сүт-тауар фермасы ашылып жатыр. Бұл шаралар сүт өндіру көлемін жылына 27 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Шығыс Қазақстанда тамақ өнеркәсібін әртараптандыру мен технологиялық жаңғырту үрдісі отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп, сапалы азық-түлікпен ішкі нарықты қамтамасыз етуге жол ашуда.
Фото/видео: Александр Шушеньков









