Үшбұлақта археологиялық қазба жұмыстары жалғасып жатыр - ШҚО
Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданы аумағындағы Үшбұлақ палеолиттік тұрағында археологиялық қазба жұмыстары биыл да жалғасуда. Бұл зерттеулер Қазақстан мен Ресей ғалымдары бірлесіп ұйымдастырған халықаралық археологиялық экспедиция аясында жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Altainews.kz.
Жақында археологтар бұрынғы жылдары жүргізілген негізгі қазба алаңына (3 шаршы метр) және 16-шы шурфқа (3 шаршы метр) қосымша кеңейтулер жасады. Сонымен қатар алтыншы шурф ашылып, одан морфологиялық және өзге де жаратылыстану ғылымдарының әдістерімен талдау жүргізу үшін үлгілер алынды.
Сонымен қатар, Үшбұлақ өзенінің арнасынан археологтар тағы да көптеген артефактілерді жинады. Олардың қатарында ретушпен және ретушсіз пластиналар бар. Бұл заттардың барлығы су арқылы шайылып шыққан.
Айта кету керек, экспедиция құрамындағы шетелдік мамандар шекаралық аймақта жұмыс істеу үшін барлық қажетті рұқсат құжаттарын алды. Олар Зайсан ауданы мен ауылдық округ әкімдіктерінде, көші-қон полициясында және шекара бекеттерінде тіркеуден өтті.














