KZ
Өскемен
-9°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Археолог Зейнолла Самашев ШҚУ мұражайына құнды жәдігерлер табыстады

24.10.2024, 15:30 111 Айжанат Бақытқызы

Белгілі археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зейнолла Самашев Ақбауыр тарихи-археологиялық кешеніндегі қазба жұмыстары нәтижесінде табылған тарихи жәдігерлерді С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің мұражайына табыстады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

 С.Аманжолов атындағы университеттің практик-оқытушысы Максим Половцевтің айтуынша, мұражайға қойылған жәдігерлер топтамасында тас балғалар, кетпендер мен керамикалық дискілер бар.

 «Университет мұражайы танымдық сипатта және мұнда болашақ мұғалімдер мен мұражай қызметкерлерін дайындайтын болғандықтан, биыл Ұлан ауданындағы Ақбауыр кешеніндегі қазбалардан алынған бірнеше жәдігерлерді табыстадық. Ақбауыр – бұл ежелгі сақ қонысы және ерте темір дәуірінің қоныс кешені. Қазба жұмыстары кезінде табылған көптеген артефактілер сол дәуірдегі тұрғындардың шаруашылық қызмет жүйесін, әсіресе егіншілікті, металлургияны және тау-кен өндіруді сипаттайды»,-деді Зейнолла Самашев.

 «Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының меңгерушісі Ләззат Жаманбаеваның мәліметінше, жоғары оқу орнының студенттері екі апталық археологиялық іс-тәжірибеден өткен. Оқытушылар мен студенттер археолог Зейнолла Самашевпен және тарихи-өлкетану мұражайымен 2012 жылдан бері әріптестік байланысын жалғастыруда. Содан бері Шілікті, Берел, Ақбауыр археологиялық кешеніндегі қазба жұмыстарына белсене қатысып келе жатыр.

 Шара барысында Зейнолла Самашұлы гуманитарлық ғылымдар жоғарғы мектебі «Тарих»  білім беру бағдарламасының студенттеріне «Қазақстанның шығысындағы соңғы археологиялық ашылулар: Тарих және мәдениет мәселелері контекстінде» тақырыбында дәріс оқыды.

«Біз бірінші курсты аяқтаған кезде археологиялық практикаға барған болатынбыз. Ол Ақбауыр деген жерде өтті. Ақбауыр – өңіріміздегі Берел қорғандарына ұқсас ірі археологиялық кешендердің бірі. Практикада болған он күннің ішінде тәжірибе жинақтадық. Бірнеше орындарды зерттеп, қазба жұмыстары барысында көптеген тарихи жәдігерлер таптық. Мұндай шаралар біз үшін өте маңызды. Өйткені, таңдаған мамандығымыздың қыр-сырын теориямен қатар тәжірибе жүзінде де меңгереміз»,-дейді тарих білім беру бағдарламасының 2-курс студенті Расул Рафгатұлы.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу