«Ант – ардың ісі»: Өскеменде 400-дей сарбаз әскери ант қабылдады
Отан алдындағы қасиетті серт - әр сарбаздың өміріндегі ең жауапты сәттердің бірі. Бүгін Өскемен қаласының орталық алаңында дәл осындай тарихи сәтке куә болдық. Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы ұйымдастырған салтанатты рәсімде №5518 және №6699 әскери бөлімдерін толықтырған шамамен 400 сарбаз әскери ант қабылдап, елге адал қызмет етуге серт берді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бүгінгі бұл шара әскери дәстүрдің жалғасы әрі мемлекет алдындағы борыш пен парызды мойындаудың айқын белгісі. Жас сарбаздар Қазақстанның әр түкпірінен — Абай, Түркістан, Алматы, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарынан жиналған. Олардың бір-біріне ұқсамайтын тағдыры осы жерде, ортақ міндет аясында тоғысты.
Салтанатты жиынға Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев қатысып, әскери қызметшілерге жүрекжарды тілегін жеткізді.
Рәсім барысында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшы орынбасары Арман Сейітов сарбаздардың бір айлық бастапқы әскери дайындық курсын сәтті аяқтап, жауынгерлік машықтарын көрсеткенін атап өтті. Оның айтуынша, биылғы ант қабылдау рәсімі маңызды тарихи даталармен тұспа-тұс келіп отыр.
Жиынға Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы мен жергілікті билік өкілдері, қоғам қайраткерлері мен сарбаздардың ата-аналары қатысты. Командирлер жас жауынгерлерді құттықтап, әскери қызметтің жауапкершілігі мен ар-намысын ерекше атап өтті.
Рәсімнен кейін жас сарбаздар жауынгерлік дайындықтарының бір бөлігін көрсетті — қоян-қолтық ұрыс тәсілдері, саптық жаттығулар және патриоттық әндермен өрілген мәдени бағдарлама көрермендердің қошеметіне бөленді. Әскери оркестр шырқата салған ән-күйлер, марши — бәрі де мерекенің мәнін арттыра түсті.
Сарбаздардың арасында еліміздің оңтүстігінен келгендер де бар. Түркістан облысынан арнайы келген Қайрат Қаңлыбаев ұлының ант қабылдау сәтін көру үшін ата-анасы екеуі Өскеменге жол тартқан:
Жас сарбаздардың қуанышы да ерекше. Шымкенттен келген Бекжан Алшора бұл сәтті өміріндегі ең жауапты белес ретінде бағалайды:
Шара соңында жас сарбаздар салтанатты саппен жүріп өтіп, өз бөлімдерінің айбынды рухын көрсетті.
Фото: Жібек Нұрахмет
Видео: Евгений Щетников















