KZ
Өскемен
-13°
небольшой снег жел 6 м/с, З
514.74 599.36 6.71

ШҚО-да жас жол инспекторларының республикалық басқосуы өтіп жатыр

6.08.2025, 13:00 255 Ержан Әбіш

Өскемен қаласында Жас жол қозғалысы инспекторларының республикалық жиыны өтуде. Іс-шараға Қазақстанның барлық облыстарынан және Қырғыз Республикасынан келген оқушылар қатысып жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Балалардың жол-көлік оқиғаларынан зардап шегу деңгейін төмендетуге бағытталған ауқымды шараны Ішкі істер министрлігі Білім министрлігімен бірлесіп ұйымдастырған. Өкінішке қарай, жол-көлік оқиғаларында ең жиі зардап шегетіндер – балалар, бұл көрсеткіш жыл сайын азаймай келеді.

«Еуропалық көлік қауіпсіздігі кеңесінің деректеріне сәйкес, Еуропа елдерінде жол-көлік оқиғаларынан болатын балалар өлімі жылына әр 100 мың балаға шаққанда 2 жағдайдан аспайды. Ал Қазақстанда 2024 жылдың алғашқы жартысында ғана 135 бала жол апаттарынан қаза тапқан. Бұл – алаңдатарлық статистика, оны шешу үшін жүйелі әрі нақты шаралар қажет», – деп мәлімдеді ШҚО ПД баспасөз қызметі.

Сол себепті алдын алу жұмыстарының басты бағыттарының бірі – өсіп келе жатқан ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыру. Қазақстанда мектеп оқушыларына жолда қауіпсіз жүріс-тұрыс негіздерін үйрету жүйесі белсенді енгізіліп жатыр. Елдегі мектептердің көпшілігінде Жас жол қозғалысы инспекторларының (ЖЖҚИ) жасақтары жұмыс істейді – олардың саны шамамен 5 мыңды құрайды, онда ондаған мың оқушы тартылған.

Бүгінде ЖЖҚИ – жай ғана мектеп үйірмесі емес, бүкіл ел бойынша 70 мыңнан астам оқушыны біріктіретін ірі балалар мен жасөспірімдер қозғалысына айналды.

«Балаларға қатысты жол қауіпсіздігі – қазіргі таңда ең өзекті мәселе. Жалпы елде жол апатынан болатын өлім көрсеткіші азайып келе жатса да, балалардың қатысуымен болатын апаттар керісінше көбейіп жатыр. Ең сорақысы – балалардың көбі көлік ішінде жолаушы ретінде немесе жаяу жүргінші ретінде қаза табады. Сондықтан қоғамның, ата-аналардың, барлық жол қозғалысына қатысушылардың назарын осы мәселеге аударғымыз келеді. Балалардың өмірі мен денсаулығын сақтау үшін бәріміз ойланып, нақты әрекет етуіміз керек. ЖЖҚИ қозғалысын дамыту қажет. Біз болашақта ТМД елдерімен ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлап отырмыз», – деді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев.

Алдын алу жұмыстарының басым бағыттарының бірі – өсіп келе жатқан ұрпақ арасында құқықтық және жол қозғалысы сауаттылығын арттыру. Балаларға жол қозғалысы ережелерін үйретуге ерекше назар аударылады.

«Біз бұл шараға 8 ай дайындалдық және, әрине, жеңіске жетеміз деп үміттенеміз. Мен бұл сабақтарға 2023 жылдан бері қатысып жүрмін. Алғашқы көмек көрсете аламын, жолды қалай дұрыс кесіп өту керектігін және жол қозғалысының басқа да ережелерін білемін. Мені сыныптастарымның арасынан арнайы таңдап алғандықтан қатысып жүрмін», – деді «Жасқыран» командасының мүшесі Альбина Ғабитқызы.

Айта кетейік, биылғы республикалық жиынға еліміздің 20 өңірінен келген 200-ге жуық қатысушы жиналды. Қуантатыны – бұл іс-шара халықаралық деңгейге шықты, оған Қырғыз Республикасы да қосылды. Барлық қатысушылар – 5-8-сынып оқушылары. Жұмыс жалпы білім беретін мектептер базасында педагогтар, мектеп инспекторлары және полиция қызметкерлерінің белсенді қолдауымен жүргізіліп жатыр.

«Балаларымыздың өмірін сақтау – басты міндетіміз. Балалардың жолдағы қауіпсіздігі – мемлекет алдындағы ең маңызды міндеттердің бірі. Сондықтан біз балаларға жол ережелерін интерактивті және қолжетімді түрде үйрету жұмысын күшейтіп жатырмыз», – деп атап өтті ІІМ ӘПК ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.

Дмитрий Чжан

Фото: Жібек Нұрахмет

Видео: Евгений Щетников

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу