2027 жылдың соңына дейін Күршім ауданының барлық ауылдары интернетпен қамтылады
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Күршім ауданының тұрғындарымен кездесуде интернетке қолжетімділікті арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. 2027 жылдың соңына дейін ауданның барлық ауылдарын интернетпен қамту жоспарланып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Атап айтқанда, Бурабай, Теректібұлақ, Топтерек, Ақши, Егіндібұлақ, Күршім-Қыстау, Қайнар, Жолнұсқау, Үшбұлақ және Қаратоғай ауылдарында интернет мәселесі өзекті болып отыр.
Өткен жылы байланысты жақсарту үшін Жолнұсқау, Үшбұлақ, Қаратоғай және Егіндібұлақ (Қараой ауылы үшін) елді мекендерінде биіктігі 40 метр болатын төрт антенна орнатылды. Жобаның құны – 626,8 млн теңге. Қазіргі уақытта байланыс операторлары нысандарды тексеріп, одан арғы жұмыстарға дайындық жүргізуде.
Қалған ауылдарды интернетпен қамту ұялы байланыс операторларымен бірлесіп, 2027 жылдың соңына дейін кезең-кезеңмен жүзеге асырылмақ.
Сонымен қатар ауданның 18 мектебінде жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізу үшін Starlink жиынтықтары орнатылған.
Фото: Жібек Нұрахмет
Видео: Жәнібек Ырысбай









