Күршім ауылдары 4G интернет желісіне қосылған ба?
Фото: egemen.kz
ШҚО цифрландыру және архивтер басқармасы қала мен аудан әкімдіктерімен бірлесіп мобильді интернетпен қамту бойынша деректерді жаңартып жатыр.
Басқарма 24-26 шілде аралығында Күршім ауданының бірқатар ауылында көшпелі мониторинг жүргізді, деп хабарлайды Аltaynews тілшісі.
Басқарма дерегіне сүйенсек, ауданның Күршім, Ақсуат, Құйған, Боран, Барақ батыр, Алғабас, Марқакөл (Теректі), Қалжыр, Маралды, Сарыөлең ауылдарында жүргізілген мониторингтің нәтижесінде аталған ауылдардағы интернет жылдамдығы 1 мБит/с және одан жоғары екені анықталған. Басқарма сонымен қатар аталған ауылдарда 3G және 4G қамтамасыз етілгенін жариялады.
Ал байланыс сапасы нашарлаған жағдайда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Телекоммуникация комитетіне eotinish.kz платформасы арқылы хабарлауға болады.
Шаруа осымен тоқтап қалмай, «Жол картасы» бағдарламасының шеңберінде ауданның қалған 34 елді мекені 2027 жылдың соңына қарай кеңжолақты мобильді интернетпен қамтылады.