«Жас көшбасшылар алаңы»: Өңір жастары өз шығармашылықтарын танытты
Бүгін Өскемен қаласындағы Арбатта өткен «Жас көшбасшылар алаңы» атты жастарға арналған патриоттық іс-шарада өңір жастары өз шығармашылығын, кәсіби қызығушылығын және отансүйгіштік рухын танытты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Іс-шараның басты мақсаты қазіргі жастардың тарихи мұраны құрметтейтінін, сұранысқа ие мамандықтарды игеріп, шығармашылық тұрғыда дамып, нақты істер мен жетістіктер арқылы патриоттық сезімін білдіретінін көрсету болды.
Шараны Шемонаиха аудандық жастар ресурстық орталығы ШҚО ішкі саясат басқармасының және Өскемен қалалық жастар ресурстық орталығының қолдауымен ұйымдастырды.
Бағдарлама аясында ондаған жасты біріктірген «Qazaqstan! Мен патриотпын!» атты жарқын флешмоб өтті. «Мамандықтар дәлізі» ұйымдастырылып, жастар дәнекерлеушіден бастап дәрігер мен инженерге дейін сұранысқа ие мамандықтарды таныстырды. Шемонаиха аудандық жастар ресурстық орталығының жобалары мен еріктілер бастамалары жөнінде ақпарат берілді.
«Коморка» рок тобы, би ұжымдары, вокалистер өнер көрсетіп, «Әнді тап» байқауы өтті. Қатысушылар блиц-викториналар, дартс пен көңілді ойындар ұйымдастырылған интерактивті аймақтарда тәтті сыйлықтар алды.
Бұл іс-шара ұрпақтар сабақтастығының, патриоттық құндылықтардың нығаюының және әрбір жас адамның өңір болашағына қосатын үлесінің маңыздылығын айқын көрсетті.
Фото: Досжан Мұхаметқали








