KZ
Өскемен
-2°
небольшой снег жел 2 м/с, В
519.61 610.13 6.54

Жасыл болашақ: жастар экология тақырыбында бас қосты – ШҚО

30.09.2025, 17:30 163 Ержан Әбіш

Өскемен жоғары политехникалық колледжінде студенттер мен экология саласының өкілдері бас қосып, табиғатты қорғау тақырыбында ашық әңгіме өрбітті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Экологиялық волонтер  Людмила Евженкова қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жобалар туралы жан-жақты айтып берді. Ол қоқысты сұрыптау, қалдықтарды қайта өңдеу, пластикті азайту және табиғатқа зиянды әсерді төмендетудің заманауи тәсілдері жайлы тәжірибесін ортаға салды. Әсіресе жастардың «жасыл» акцияларға қатысуының маңызына тоқталды.

Арт-директор Анастасия Черномаз  өнер мен шығармашылықтың экологиялық идеяларды насихаттаудағы рөлін көрсетті. Оның айтуынша, түрлі арт-жобалар қоғамды ойландыруға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және жастарды қоғамдық істерге жұмылдыруға үлкен мүмкіндік береді. Ол шетелдік және қазақстандық тәжірибелерден мысалдар келтіріп, өнердің табиғатты қорғау ісіне серпін беретінін атап өтті.

Жиын еркін пікір алмасу алаңына айналды. Студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, экологиялық өмір салтын ұстанудың қарапайым да тиімді жолдарын білді. Сонымен қатар, өңірлік және халықаралық жобаларға қатысу мүмкіндіктерінен де хабардар болды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер жастардың экологиялық ой-санасын арттыруға, табиғатқа деген жауапкершілікті қалыптастыруға және «Таза Қазақстан» идеясын кеңінен таратуға ықпал етеді.

Елизавета Седых

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу