KZ
Өскемен
-6°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, ОШ
509.94 593.88 6.43

Қарулы күштердің әскери қызметшісі 600 шақырымдық супермарафонды еңсерді

1.10.2025, 12:30 166 Ержан Әбіш

Астана қаласы аумақтық қорғаныс бригадасының бөлімше командирі, 3-сыныпты сержант Рауан Әбілханов Астана – Көкшетау – Астана бағыты бойынша жаңа рекорд орнатып, 600 шақырымдық супермарафондық қашықтықты бағындырды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
5 күн бұрын елорданың «Көктал» саябағынан басталған марафон Қорғаныс министрлігінің ғимараты алдында мәреге жетті. Мұнда әскери оркестр өнер көрсетіп, марафоншыны әріптестері мен туыстары салтанатты жағдайда қарсы алды. Сап алаңында қуаныш пен мақтанышқа толы ерекше атмосфера орнады.
Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров марафоншының жетістігі әскери қызметшілердің рухын көтеріп, табандылық пен патриотизмнің жарқын үлгісі болғанын атап өтті:

– Спорт пен армия – егіз ұғым. 3-сыныпты сержант Рауан Әбілхановтың жеңістері спортты насихаттап, Қарулы күштердің әскери қызметшілерін жаңа жетістіктерге жетелейді, – деді ол.

Әбілхановтың айтуынша, рекордқа жету оңай болмаған. Дегенмен, командирлерінің, жақындарының және қазақстандықтардың қолдауы оған үлкен күш берген. Күніне 120 шақырым жүгіріп, ауа райының қолайсыздығына қарамастан, марафоншы табандылық танытып, межелі қашықтықты бағындырды.
Әскери қызметшіге дайындық үшін екі ай уақыт беріліп, ол күн сайын 40 шақырымнан астам қашықтықты жүгірген. Жаңа рекорд Республика күні қарсаңында бұрынғы қазақстандық ультрамарафон көрсеткіштерін жаңартты.
42 жастағы Рауан Әбілханов – 9 баланың әкесі, армияда 20 жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді. Ол 2022 жылы Алматы облысында «Әли» оқу орталығы мен Шелек ауылы арасындағы 350 шақырымды 48 сағатта жүгіріп өтіп, Қазақстан рекордтар кітабына енген болатын. Сондай-ақ, ол 15 жылдан астам уақыттан бері жеңіл атлетикамен айналысып, түрлі марафондардың бірнеше дүркін жеңімпазы атанған.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу