KZ
Өскемен
-7°
туман жел 1 м/с, Ю
526.81 542.72 5.16

Қазақтың біртуар тұлғасы Дінмұхамед Қонаевтың туғанына – 113 жыл

Фото: exk.kz

Бүгін, 11:00 74 Төлеуғазы Жансая

Бүгін еліміздің аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына 113 жыл толып отыр,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.  

Дінмұхамед Қонаев (1912-1993) Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан тұлға ретінде тарихта қалды. Ол Алматы қаласында дүниеге келіп, Мәскеудегі алтын және түсті металдар институтын бітіргеннен кейін еңбек жолын Қоңырат кенішінде бастады. Осында қарапайым жұмысшыдан рудник директоры қызметіне дейін көтеріліп, өндірістің дамуына үлкен үлес қосты. Қоңыраттағы еңбегі үшін ол алғаш рет «Ерекше еңбегі үшін» медалімен марапатталды.  

Өзінің қажырлы еңбегі мен табандылығының арқасында жас маман Риддер кен басқармасының директорлығына ұсынылып, Алтай полиметалл комбинатын дамытуға ерекше атсалысты. Ұлы Отан соғысы жылдары өндірісті ұйымдастырушы ретінде танылып, Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарды.  

1955-1986 жылдар аралығында республика партия ұйымын басқарып, елдің экономикалық және мәдени дамуына басшылық жасады. Ғылым мен өндірісті ұштастырған Қонаевтың 100-ден астам ғылыми еңбегі жарық көрген. Оның басқару кезеңінде Қазақстанның экономикасы қарқынды дамып, жаңа қалалар бой көтерді, мәдениет пен ғылым өркендеді.  

Д.Қонаевтың есімі тек Қазақстанда ғана емес, шет мемлекеттерде де құрметпен аталады. Ол сегіз мәрте Ленин орденімен марапатталып, көптеген халықаралық наградаларға ие болды.  

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың өмір жолы – қажырлы еңбек пен елге адал қызмет етудің үлгісі. Қазақ халқы оның есімін әрдайым зор құрметпен еске алып, ұрпаққа үлгі етеді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу