Өмір жолдары өрендерге өнеге болған қарттарымыз
Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында Халықаралық қарттар күніне орай Шығыс Қазақстан облысы ардагерлерінің «Өмір жолы - өнеге» атты гала-концерті өтті. Мерекеде өңірдің түкпір-түкпірінен келген ардагерлер өз өнерлерін көрсетіп, жиналғандардың қошеметіне бөленді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев мерекеге жиналған аға буын өкілдерін облыс әкімінің атынан құттықтады.
Облыста 134 мыңнан астам егде азамат тұрады. Аға буын өкілдеріне мемлекет тарапынан зор қолдау бар. Биыл облыс бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары ашылды. Зейнеткерлік демалысқа шыққан қариялардың өмір сапасын арттыруға, олардың бос уақытын дұрыс ұйымдастыруға бағытталған маңызды қадам. Қазіргі таңда аталған орталықтар олар үшін әлеуметтік қарым-қатынастарын нығайтып, денсаулықтарын жақсартуға және рухани байлығын арттыруға арналған негізгі алаңға айналып отыр.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Мусинова өңірде 170-тен астам мәдени-спорттық секциялар ашылып, қарттардың бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасалғандығын атап өтті.
Мерекелік шара аясында қариялардың қолдарынан шыққан өнер туындыларының көрмесі ұйымдастырылды. Бүгінде облыс орталығында тұрып жатқан Зарипа Шадырбаева кезінде қой бағып, ауылшаруашылығы саласының дамуына сүбелі үлес қосқан ардагерлердің бірі.
Салтанатты шараның ең әсерлі бөлігі – ардагерлердің өздері ұсынған гала-концерт. Тарбағатай ауданының «Ардагерлер» ән-би ансамблінің орындауындағы «Әжелер әні», өскемендік ақжаулықты әжелердің «Киіз басу» биі, «Әгугай Ұланым» вокалды ансамблінің «Ұланым, Ұланым» композициясы, басқа да өнер иелерінің шығармашылығы көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Әсіресе 87 жасты алқымдаған зайсандық ақсақал, «Бәйтерек» ансамблінің жетекшісі Советқан Сапиевтің орындауындағы «Айттым сәлем, Қаламқас» әні көрермендерді ерекше әсерге бөледі. Ақсақал Абайдың осы әнін жиырма бес жасында Берлиннің төрінде де орындағанын еске алды.
Қарттар күні – тек мереке емес, аға буынның қоғамдағы орнын тағы бір айқындап, олардың тәжірибесін жас ұрпаққа жеткізудің маңызы зор екенін көрсететін тағылымды күн. Бүгінгі ұйымдастырылған шара – сол дәстүрдің лайықты жалғасы.
Кеш соңында конкурс қорытындысы шығарылды. «Ең үздік вокал» номинациясын Күршім ауданынан келген Бақытжан Өлмесеков жеңіп алды. Ал «Ең үздік ансамбль» номинациясы Ұлан ауданындағы «Әгугай Ұланым» вокалдық ансамбліне және Шемонаиха ауданындағы «Орыс әнінің халық хоры» ұжымына берілді. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды.








