«Уба» шипажайында ардагерлер кездесуі өтті
3 қазанда Шемонаиха ауданы, Выдриха ауылындағы «Уба» шипажайында Қарттар күніне арналған ардагерлердің кездесуі өтті. Бұл шара өңірде қазан-қараша айларында дәстүрлі түрде өтетін «Қайырымдылық айлығы» акциясы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов ардагерлерді облыс басшысының атынан құттықтап, олардың қоғам дамуына қосқан зор үлесін атап өтті және аға буынның тәжірибесінің жастар үшін маңызды екенін ерекше айтты.
Кездесу барысында ардагерлер қозғалысының белсенділері марапатталды. Ардагерлік ұйымдарды дамытуға қосқан көпжылдық үлестері үшін Глубокое және Зайсан аудандарының ардагерлер кеңесінің төрағаларына облыс әкімінің құрмет грамоталары табысталды. Шемонаиха ауданы мен Үлкен Нарын ауданының төрағалары алғыс хаттармен марапатталды.
Сонымен қатар, акция аясында дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қайта жаңғыртуға бағытталған «Аяулы жас келін» байқауы өтті. Сайысқа облыстың әр түкпірінен келген 11 жас келін қатысты. Бірінші орынды Алтай ауданының өкілі, екінші орынды Күршім ауданынан келген қатысушы, үшінші орынды Өскемен қаласының өкілі иеленді. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталып, барлық қатысушыларға облыс әкімінің алғыс хаттары берілді.
«Қайырымдылық айлығы» акциясы қараша айының соңына дейін жалғасып, Шығыс Қазақстандағы қарт адамдарды қолдау мен отбасылық дәстүрлерді сақтауға бағытталған бастамаларды біріктіреді.
Ажар Мұратқызы
Фото: Данияр Сағидолдин