KZ
Өскемен
-27°
туман Штиль
509.63 592.34 6.54

ШҚО-да кәмелетке толмағандарға қатысты құқықбұзушылықтар саны артты

Фото: Жібек Нұрахмет

2.10.2025, 18:00 228 Ержан Әбіш

Жыл басынан бері Шығыс Қазақстанда жасөспірімдер қылмысы 45 пайызға, ал оларға қарсы жасалған құқықбұзушылықтар 33 пайызға артқан. Мамандар мұның себебін ата-аналық бақылаудың әлсіздігімен, құқықтық сауатсыздықпен және балалардың бос уақытын дұрыс ұйымдастырмаумен байланыстырады. Ең сорақысы – биыл облыста жасөспірімдерге қатысты 30-дан астам жыныстық қолсұғушылық дерегі тіркеліп отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Жыл басынан бері облысымызда жасөспірімдер тарапынан 64 қылмыс тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (44 дерек) 45 пайызға артық. Сонымен бірге кәмелетке толмағандарға қатысты құқықбұзушылықтар саны да көбейген – 33%-ға. Егер былтыр 88 дерек тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 117-ге жетті.

Ювеналды полицияның аға инспекторы Айгерім Бейсембаеваның айтуынша, мұндай құқықбұзушылықтардың басым бөлігі балаларға жақын адамдар тарапынан жасалады.

– Жасөспірімдер көбінесе өздеріне жақын адамдардан – туыстарынан, достарынан немесе таныстарынан жапа шегеді. Олар сенім білдірген адамдар тарапынан жәбір көреді, – деді ол Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Ең алаңдатарлық дерек – жыныстық қолсұғушылық қылмыстары. Биыл облыста балалар мен жасөспірімдерге қатысты мұндай 30-дан астам жағдай тіркелген.

Облыс аумағында өткізілген «Жасөспірім» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында 5824 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, 313 жасөспірім Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды, 65 адам ата-ана құқығынан айырылды, 200 жасөспірім есепке қойылды. Бұл шаралар құқық қорғау органдары тарапынан бақылауды күшейткенімен, мәселенің түпкі себебін түбегейлі шешпейді.

Білім беру мекемелері мен Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия да бірлесіп жұмыс жүргізуде. Жыл басынан бері облыс мектептерінде 5 мыңнан астам құқықтық дәріс өткізілді, 1700 материал БАҚ-та жарияланды.

Әлеуметтанушылардың пікірінше, мәселені шешу үшін тек жазалау шаралары емес, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, сенімді отбасылық қарым-қатынас орнату, құқықтық мәдениетті қалыптастыру аса маңызды.

Облыста жасөспірімдер арасындағы қылмыс та, оларға қарсы жасалған құқықбұзушылықтар да артқан. Бұл – қоғамның барлық саласын алаңдатуға тиіс құбылыс. Балалардың қауіпсіздігі мен болашағы үшін ата-аналардың, мұғалімдердің, мемлекеттік органдардың және тұтас қоғамның бірлесе әрекет етуі қажет.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу