Күршімде қытайлық компания жаңа демалыс базасын салуға мүдделі
Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданындағы туристік кластер жаңа нысанмен толығуы мүмкін. Жақында өткен «Altay Invest-2025» халықаралық инвестициялық форумында аудан әкімдігі мен «Синьцзян Синьши Хуншунь» ЖШС сауда компаниясы 7 млрд теңгеге демалыс базасын салу туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Күршім ауданының тұмса табиғаты елдегі ішкі және сыртқы туризмді дамытуға зор мүмкіндік береді. Осы ретте қытайлық инвесторлар инфрақұрылымды дамытуға инвестиция құюға әзір. Ұсыныстары бойынша түрлі алаңдары бар көпфункционалды туристік орталық тұрғызу жоспары бар.
Ынтымақтастықтың нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылып, демалушылар үшін қолайлы жағдай жасалады. Дегенмен жобаның бейберекет құрылысқа, экология мен қоршаған ортаға зиян келтірмеуіне аса мән беріледі.
Туристік жобалардың табысы сауатты маркетинг пен сервистің деңгейіне байланысты екенін атап өткен жөн, әйтпесе қонақ үйлер бос тұрып қалуы да ықтимал.
Рұқсат құжаттары алынған соң құрылыс жұмыстары басталады. Егер кешен танымал орынға айналса, Күршім ауданы Шығыс Қазақстан облысының туристік картасында ойып орын алмақ.
Авторы: Дамир Омаров