Елімізде мұнай өңдеу саласын дамытудың 2040 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленді
Фото: depositphotos.com
Қазақстанда Kazakhstan Energy Week – 2025 аясында мұнай өңдеу саласын дамытудың 2025-2040 жылдарға арналған тұжырымдамасы таныстырылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.
Құжат Үкімет қаулысымен бекітіліп, оны Энергетика министрлігі Мұнайды тасымалдау және өңдеу департаменті директорының орынбасары Талғат Макуов таныстырды. Жаңа стратегиялық бағдарлама алдағы 15 жылға мұнай өңдеу зауыттарын кеңейту мен салудың басым бағыттарын айқындайды. Сондай-ақ елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға және экономикалық тұрақтылықты арттыруға бағытталған.
Оның айтуынша, мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту және жаңа кешендер салу басқарушы компаниялардың капитализациясын арттырып, инвесторлар үшін тартымды жобаларға айналмақ. Тұжырымдамада «Стратегия-2050», 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары және 2060 жылға дейінгі көміртектік бейтараптық стратегиясы негізге алынған.
Саланы дамытуға 15–19 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тарту жоспарланған. Бұл өңдеу қуатын жылына 18 млн тоннадан 39 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Басты мақсат – мұнай өндіру мен өңдеу арақатынасын қазіргі 5:1 деңгейінен 2,5:1 деңгейіне дейін жақсарту. Бұл халықаралық стандарттарға сәйкес жаңа мұнай-химия кешендерінің есебінен іске аспақ.
Талғат Макуовтың айтуынша, құжат саланың тұрақты дамуына, ішкі нарықты сапалы мұнай өнімдерімен қамтамасыз етуге, Азия елдеріне экспорт әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және инвестициялық тартымдылықты күшейтуге жол ашады.