KZ
Өскемен
-13°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, В
509.63 592.34 6.54

Шығыстың ветеринарларына қызметтік көліктер мен арнайы техникалар берілді

8.10.2025, 15:00 207 Базарова Айгүл

Шығыс Қазақстанда ветеринария саласындағы қауіпсіздік жүйесі күшейтілуде – Өскеменде облыстың ветеринарларына қызметтік көліктер мен арнайы техникалардың кілттері табыс етілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласын қолдау мақсатында аймақ басшысының тікелей тапсырмасы бойынша өңірге 131 қызметтік көлік сатып алынды. Бұл көліктер ауылдық жерлерде жұмыс істейтін мал дәрігерлерге арналған. Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, мұндай қолдаулар өңірлік бөлімшелердің материалдық-техникалық базасын нығайтып, қызмет тиімділігін арттыруға бағытталған.

– Техниканы өңірлік филиалдарға тапсыру – бұл жай логистикалық қадам емес, жануарлардың денсаулығын және халықты қауіпсіз, сапалы азық-түлікпен қамтудағы маңызды шара. Жаңа көліктер мамандарға ықтимал эпизоотиялық қатерлерге жедел ден қоюға және санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірде ветеринариялық инфрақұрылымды одан әрі нығайту жалғасатынын атап өтті. Бүгін «Газель» базасындағы 13 дезинфекциялық-құрғату қондырғысы, мал тасымалдауға арналған 6 мамандандырылған автокөлік және биологиялық қалдықтарды жоюға арналған 1 инсинератор берілді. Барлық техника биологиялық қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келеді және елді мекендерде жылжымалы дезинфекциялық жұмыстар жүргізуге арналған.

– Біз аграршылар мен ветеринария саласы мамандарын жүйелі түрде қолдап келеміз. Бұлар – жай көліктер емес, олардың еңбегінің тиімділігін арттырып, еңбек жағдайын жақсартуға және өңір тұрғындарының қауіпсіздігін күшейтуге арналған құрал, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Арнайы техникамен қатар, аудандық филиалдардың қызметкерлеріне қызметтік автокөліктердің де кілттері табыс етілді.

  • Өскемен және Риддер қалалары – бір-бір дезинфекциялық қондырғыдан;
  • Глубокое және Алтай аудандары – бір-бір қондырғыдан;
  • Зайсан, Күршім, Самар, Катонқарағай, Тарбағатай және Ұлан аудандары – дезинфекциялық қондырғылар мен мал тасымалдауға арналған арнайы көліктер алды;
  • Шемонаиха ауданы – «Газель» базасындағы дезинфекциялық қондырғы алды.

Бұл техника мамандарға дезинфекциялық шараларды жедел әрі толық көлемде жүргізуге мүмкіндік береді. Әсіресе, күз-қыс мезгілдерінде ауыл шаруашылығы жануарлары арасында инфекция тарау қаупі артқан кезде аса маңызды.

Мемлекет ветеринариялық қызметті кезең-кезеңімен жаңғыртып, ауылдық жерлердегі мамандардың сапалы жұмыс істеуіне жағдай жасап келеді.

Жаңа техника аудандық мамандарға үлкен көмек және өңірдегі ветеринариялық қауіпсіздік деңгейін арттыруға ықпал етеді. Шығыс Қазақстан облысы алдағы уақытта да ветеринариялық бөлімшелердің техникалық жарақтандырылуын күшейтіп, жануарлар денсаулығын қорғау инфрақұрылымын дамытуға ниетті. Бұл өңірдің ветеринариялық қауіпсіздік жүйесін жаңа сапалық деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.




Аударған: Айгүл Базарова

Авторы: Дамир Омаров

Фото: Жібек Нұрахмет









Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу