KZ
Өскемен
-13°
небольшой снег жел 6 м/с, З
514.74 599.36 6.71

Жастарға техниканың тілін үйреткен ұстаз

12.10.2025, 12:30 179 Базарова Айгүл

Өз ісіне адал, мамандығын шын сүйіп атқарған тұлғалар ел есінде еңбегімен сақталады. Олар «үздік боламын» деп ұмтылмаса да, өзіне сеніп тапсырылған істі абыроймен атқару арқылы болашақ ұрпаққа үлгі бола білді. Міне, осындай саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне, кәсіби мамандар даярлауға арнаған ұлағатты ұстаз – Сайлаубек Жүнісбеков. Ол өз өмірінің қырық жылын ұстаздық жолына арнап, шәкірттерінің сүйікті ұстазына айналды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Білім мен біліктен бұрын жүрек пен жігердің қажет екенін жақсы түсінген Сайлаубек Жүнісбекұлы әр шәкіртін болашақ шебер ғана емес, елдің тірегі, еңбектің иесі, қоғамның қағидатты азаматы ретінде тәрбиелеуге тырысты. Ол 1940 жылдың 15 наурызында Тарбағатай ауданының Ақжар ауылында дүниеге келген. Табиғаты сұлу өлкеде балалығын өткізіп, соғыстан кейінгі ауыр жылдарды көзімен көрген ол ерте есейді. Балалықтың буы шыға қоймаған шағында-ақ ауыр еңбектің кетпенін иығына алып, тіршіліктің тауқыметін тартты. Ауыл өмірімен етене араласа жүріп, 1958 жылы Абай атындағы орта мектепті аяқтайды. 

Мамандық таңдау алдында болашағын талай мәрте безбенге салады. Бір ойы – мектеп қабырғасында үйренген музыкалық аспаптарда ойнау қабілетін дамытып, өнер жолын қуу. Екінші ойы – мал шаруашылығы өрлеп тұрған тұста техникалық салаға бет бұру. Сонымен қатар жүрек түкпірінде педагог болсам деген арманның да сәулесі әлсін-әлсін бой көрсететін. 

Осылайша, мамандық таңдау кезеңінде алдымен Талдықорған индустриалды-педагогикалық техникумын бітіріп, жүргізуші мамандығын игеріп шығады. Алайда арманын одан әрі жалғап, ақыры қос қалауын бір арнаға тоғыстырып, Талдықорған қаласындағы шебер-мұғалімдер дайындайтын индустриалды-педагогикалық техникумға оқуға түсіп, техник-механик мамандығын меңгереді. 

Міне, алғашқы еңбек жолын осы кәсіптік білім беру орнында бастаған Сайлаубек Жүнісбекұлы талай рет ауыл шаруашылығы техникасы саласының мамандарын даярлады. Ол училищедегі техникалық үйірмеге жетекшілік етіп, Өскемен қаласында өткен облыстық деңгейдегі жарыстарға қатысып, бірнеше рет бас жүлдені жеңіп алды және рационализатор атағын иеленді. 

Сонау 60-шы жылдардың басында Тарбағатай ауданының экономикасы барлық салада жанданып, егін шаруашылығында да ілгерілеу байқалды. Осыған орай, ауыл шаруашылығында білікті мамандардың жетіспеушілігі туындады. Шаруашылықтарда механизатор-жүргізуші, мал шаруашылығының кіші маманы сияқты жұмысшыларға сұраныс артты.

Сырттан келген мамандар тұрақтамай, жергілікті жастарды мамандыққа баулу жайында мәселелер көтерілді. Сөйтіп 1961 жылы аудан орталығындағы Ақжар ауылында кәсіптік білім беретін мектеп (СПТУ-29) ашылды. Жаңадан ашылған мектептің оқу-материалдық базасын нығайту, техникалық жағынан жарақтандыру бірден қолға алынды. Облыс көлеміндегі кәсіптік білім беретін мектептерден оқулықтар, техникалар әкелінді. Аудандағы кеңшарлар да техника беріп, көмектесіп, оқу корпустары мен жатақханалар дайындалды. Біртіндеп материалдық дүние түгелделеді. Бірақ ауыл жастарына талапқа сай кәсіптік білім беретін оқытушылар тапшы болды. Мамандар өзге аудандардан шақырылып, жолдамамен басқа облыстардан жоғары білімді оқытушылар келді.

– Кәсіптік мектеп қалыпқа келіп, шаруасы бір арнаға түскен кезде облыс аудандарынан, өзіміздің ауданнан жастар ағылып, қалаған мамандығына оқып, өндіріске аттанды. Кәсіптік мектеп оқытушылары ауыл жастарын оқытып, тәрбиелеумен қатар, егін жинау, шөп шабу, құрылыс салу сияқты науқандық жұмыстарға қатысып, белсенділік танытты. Сол жылдары білімді мамандармен толыққан Тарбағатай ауданының ауыл шаруашылығы саласы ілгеріледі, – дейді Сайлаубек Жүнісбекұлы. – 1996 жылы заман ағымы мен талабына төтеп бере алмай, аталған кәсіптік мектеп жабылды. Бүгінде оқу корпусы Ақжардағы қарттар үйінің ғимаратына айналған. Сөйтсе де соңғы жылдары мемлекет бағдарламасына сай Ақжарда қайтадан кәсіптік білім беретін меткеп ашылып, жұмысын жандандырып, егемен елдің ұрпағын белгілі бір кәсіпке оқытып жатыр. Сондықтан өз басым Ақжардағы кәсіптік білім беру саласының 60 жылдан астам тарихы бар деп айта аламын. Бірнеше буын ұрпақты кәсіпке баулып, өмірлеріне жолдама әперген, елге белгілі азаматтар тәрбиелеген оқу орнын нағыз білім ордасы деуге болады.

Игілікке қызмет етіп, еңбек жолында шәкірттерінің мамандық алуына, біліммен қатар саналы ауыл еңбеккерлерін дайындауда училище ұжымының атқарған істерін ұмыту мүмкін емес.

Оқытушылықпен қатар білім мен біліктілігін үнемі арттырып отырған Сайлаубек Жүнісбекұлы Ресейдің Омбы және Томск қалаларында өткен семинарларға қатысып, облыста жоғары санатты ұстаз атағын иеленді. Алматыдағы біліктілікті арттыру курстарына барып, білімін жетілдірді. 

Сонымен бірге, Сайлаубек Жүнісбекұлы мектеп қабырғасындағы өнерге деген қызығушылығын дамытып, баян аспабында өнер көрсетіп жүрді. Көркемөнерпаздар үйірмесіне жетекшілік етіп, бірнеше рет аудандық байқауларда жеңіске жетті. Оқушыларымен бірге Қарағандыда өткен республикалық фестивальға қатысып, жүлделі орынға ие болды. 

Жасаған еңбегі өз бағасын алып, фотосы құрмет тақтасынан орын алды, үнемі құрмет төрінен көрінді. Сайлаубек Жүнісбекұлы осы кәсіптік білім ордасынан зейнет демалысына шықты. Зейнеткерлікке шыққан соң да қоғамдық істерге белсенді араласып, «Ақ ниет» зейнеткерлер ансамблін құрды. Ансамбль құрамында отыз шақты адам бар, олар ән қорын толықтырып, жастарға өнеге болар тағылымды әндер айтып, руханиятты көтеру жолында еңбек етуде. 

Сайлаубек Жүнісбекұлы еңбек жолында түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, әр жылдары «КСРО кәсіптік-техникалық білім беру саласының үздігі», «Еңбек ардагері», «Игілік. Абырой. Даңқ» медальдарымен, «Тарбағатай ауданының құрметті азаматы» атағымен, «Тарбағатай ауданының дамуына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. 

Ұстаздық етіп, талай кәсіп иелерін тәрбиелеген Сайлаубек Жүнісбекұлы – отбасында асыл жар, асқар тау әке. Жұбайы Бағдат Құсманова Қыздар педагогикалық институтын бітіріп, алғашқы еңбек жолын Ақжар ауылында бастаған. Ұзақ жылдар бойы мектеп пен мәдениет бөлімінде қызмет етіп, құрметті зейнеткерлікке шыққан мәдениет саласының үздігі. Ол 1939 жылы Риддер қаласында дүниеге келген. Балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Әкесі соғысқа аттанар алдында отбасын Ұлан ауданына көшіріп әкеліп, балалық шағы сол өңірде өтеді. Білім ордасының табалдырығын Ұлан ауданында аттап, оқуын Ақмола облысының Қорғалжың ауданындағы мектепте жалғастырады. Оныншы сыныпты Жамбыл атындағы мектепте тәмамдап шығады. Бірнеше жерде оқыса да, «ұстаз болсам» деген балалық арманы жетелеген жас талап Алматыдағы Қыздар пединститутына түседі. Жоғары оқу орнын «Қазақ тілі мен әдебиеті» және «Кітапхана ісі» мамандықтары бойынша аяқтаған соң еңбек жолын Тарбағатай аудандық кітапханасында бастайды.

Руханият әлемінің табалдырығын аттаған жас маман мәдениет саласында он жылдай меңгеруші болып еңбек етеді. Одан әрі Абай атындағы орта мектепте 9 сыныптың қыздарына «Кітапхана және библиография» кәсіптік пәнінен сабақ береді.

– Бір күні аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары Ы. Қайыпназаров мені шақырып алып: «Саған СПТУ-да Қытайдан көшіп келген қандастарымызға кешкілік сабақ беруді тапсырамын. Кириллицаны оқытатын боласың» деді. Мен «Аға, оны оқыту үшін уақыт керек әрі олардың бәрі үлкен кісілер ғой. Қалай оқытамын?» деп бас тарттым. «Сен жас мамансың, кешкілік уақытың бос. Болды, барасың» деп кесіп айтты. Содан кейін СПТУ-дың алғашқы директоры Мәлік Нұғманов пен оқу ісінің меңгерушісі Әзілхан Атаханов дереу бұйрық жазып, «аптасына 2-3 рет оқытасыз» деп шығарып салды. Сол кездегі оқушым Сләм – қазір елге сыйлы, көргені мен түйгені мол құрметті молда. Кітапхана – даналықтың ордасы. Онда істеген әрбір ісің өнегелі, берекелі болады, – дейді қазір еңбегінің зейнетін көріп отырған Бағдат Құсманова.

Ол – мәдениет саласының «Еңбек ардагері», «Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері, сондай-ақ «Алтын алқа» марапатының иегері. Олар алтын асықтай ұл мен қыз тәрбиелеп өсірді. 

Ауылда тіршілік қазанын қайнатып жүрген жастар баршылық. Иесіз қалған өңірлерге жан кіргізіп, оны түлетіп келе жатқандар да – солар. Солардың бірі – Аманбек Жүнісбеков.

1999 жылы Сайлау Жүнісбеков «Берік» атты шаруа қожалығын құрған еді. Ғұмыр бойы шәкірттерін соңына ертіп, техника тетігін тепшімесе, жаны жай таппайтын Сәкең зейнеткерлікке шыққаннан кейін де үйде қол қусырып отыра алмады. Бала-шағасын еңбекке баулу үшін шаруа қожалығын құру қажет болды. Сөйтіп, аудан басшылығына арыз беріп, Ақжар ауылдық округіне қарасты «Петка» телімін алды. Жер алса да, қожалықтың төрт аяғын тең бастыру оңайға соға қоймады. Өйткені, бұл телімнің орнында күл-қоқыр үйінділері ғана жатты. Бұл жерде малшы мекенін салуға қаражат керек болды. Сондықтан алдымен үй шаруашылығын жолға қою қажеттігі туды. Ала жаздай малға шөп дайындап, жеті-сегіз гектар жерге егін салды. Оның әр гектарынан 20-22 центнер өнім алынып, оны саудалаудан түскен қаражатқа мал сатып алып отырды. Қаржылық жағдайы да жақсарды.

Осы тірнектеп жиған табыс зая кеткен жоқ. Арада жеті жыл өткеннен кейін, қожалықтың күшімен «Петка» телімінде жаңа үй мен мал қорасы салынып, оған электр желісі тартылды. Осы тұста Сәкең қожалықтың басшылық тізгінін кенже ұлы Аманбекке біржола тапсырды. Іске ысылып қалған Аманбек қожалықтың тізгінін тез меңгеріп әкетті. Нәтижесінде мал басы артып келеді. Шаруашылықтың игілігін ұтымды пайдаланып, ауылға қосқан үлесі үшін аудан әкімдігі тарапынан марапатталды.

Қарапайым ұстаз ғана емес, тірлігінің әр сәтін ел игілігіне арнаған Сайлаубек Жүнісбекұлы – еңбегімен еліне елеулі, тәрбиесімен ұрпаққа өнегелі жан.



Бақытбек Шаяхметұлы

Тарбағатай ауданы




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу