Жармада жаңа кітаптың тұсауы кесілді
Жармалық ақын-жазушы, ұстаз, соғыс ардагері Нұрқасым Садықовтың «Қазақстан елі бұл» атты жаңа кітабы оқырмандарға жол тартты, деп хабарлайды Алтайньюс.
Жаңа кітаптың салтанатты тұсаукесер рәсіміне жиналған көпшілікке аудан әкімі А.Нұрғожин құттықтауын білдіріп, Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында іске асып отырған игі шараның маңызы зор екенін айтып өтті.
Кітаптың алғы сөзін жазған Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Әлібек Қаңтарбаев игі тілегін білдіріп, оқырманға бет алған бұл жинақта өткен ғасырдың тарихы, жазушының туған жеріне деген ыстық сезімі, өлкесінің әсем табиғаты әдемі суреттелген шығармалары жинақталған кітаптың өскелең ұрпаққа берері мол рухани азық екеніне тоқталды.
Өткен ғасырда өмір сүрген жерлесіміздің құнды мұрасын 56 жылдан соң баспа бетіне әзірлеп, кітап етіп шығарып отырған ұлы Ленс Нұрқасымұлына жиналған жұрт ризашылықтарын білдірді. Қолжазба күйінде сақталған әке мұрасы түпнұсқада төте жазумен жазылса, кейбірі латын қарпінде қағаз бетіне түскен екен. Нұрқасым Садықұлының үлкен ұлы Мелс 83 жастан асқан шағында, өмірден өтерінен біраз уақыт бұрын ғана інісі Ленсті шақырып, әке аманатын ұрпаққа жеткізіп, жазба мұраларын жарыққа шығаруды табыстап кетеді. Бұл туралы естелігімен Мелс Нұрқасымұлының жары Күләш Жұмаділханқызы кітаптың тұсаукесеріне жиналған ауылдастарымен бөлісті.
Кітап үш бөлімді қамтыған. Бірінші - прозалық шығармалары, екінші бөлімі- өлеңдері, ал үшінші бөлімінде –тілшілік хаттары жинақталған.
Нұрқасым Садықов Жарма ауданының Ортабұлақ ауылында 1904 жылы дүние есігін ашып, бар ғұмырын ұстаздыққа арнаған қаламгер. Өз заманында 1934-1941 жылдары Риддер қаласы, Көкпекті ауданында да білім саласында еңбек етеді. 1934 жылдары Риддер жерінде жарық көретін «Жұмысшы» газетінде түрлі тақырыптардағы мақалаларын да жариялап отырған. 1942 жылы соғысқа аттанған ұстаз әскери училищенің курсанты болып, лейтенант шенін алады. Майдан даласындағы шайқаста ауыр жараланып, 1944 жылы соғыстан туған жеріне оралады. Кіндік қаны тамған Ортабұлақ ауылында білім беру саласындағы еңбек жолын жалғастырып, өмірінің соңына дейін талай шәкіртін өнер мен білімге баулиды. 1965 жылы дүниеден өтеді.
Кәусар Арықханқызы