Жыл басынан бері Шығыс Қазақстанға 490 адам қоныс тепті
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметі
2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша ерікті қоныс аудару шеңберінде жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге 5 213 адам, оның ішінде 1 725 қандас және 3 488 қоныс аударушы көшіп келді. Барлық қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді. Осы жылдың соңына дейін 9 653 адамды көшіру жоспарлануда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қоныстану аймақтарына көшкен қандастардың дені Өзбекстаннан – 612 адам, ҚХР-дан – 563 адам, Моңғолиядан – 377 адам, Ресейден – 84 адам, Түрікменстаннан – 49 адам және басқа елдерден – 49 адам келген.
2 307 адам еңбекке қабілетті жаста. Олардың жартысынан астамы бүгінде денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, білім беру, өнеркәсіп және тағы басқа салалар бойынша тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етілді. 38 адам кәсіпкерлік қызметпен айналысады.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ақпараты бойынша өңірлер бойынша қоныс аударғандар саны:
- Павлодар облысына – 1 886 адам;
- Солтүстік Қазақстан облысына – 1 516 адам;
- Қостанай облысына – 575 адам;
- Шығыс Қазақстан облысына – 490 адам;
- Абай облысына – 305 адам;
- Ақмола облысына – 257 адам;
- Атырау облысына – 103 адам;
- Ұлытау облысына – 43 адам;
- Қарағанды облысына – 38 адам.
Қоныс аударудың табысты мысалдарының бірі – Құрмешовтар отбасы. Олар жаңа мекенде жаңа өмір бастағандарын атап өтті.
Қанат Құрмешовтің «Ақпараттық жүйелер» мен «Дене шынықтыру және спорт» мамандықтары бойынша жоғары білімі бар. Жаңа мекенге қоныстанған соң ол Владимир Матвиенко атындағы Олимпиадалық резервтің балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне WKF каратэ бойынша жаттықтырушы болып жұмысқа орналасты.
Ал биыл өзі кәсіп бастауға, яғни кондитерлік цех ашуға 1 572 800 теңге көлемінде грант алған.
Естеріңізге сала кетейік, ерікті қоныс аудару аясында қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдаудың мынадай шаралары ұсынылады:
- отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде көшуге арналған біржолғы субсидия;
- отбасы мүшелері саны мен елді мекенге байланысты 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде 12 ай ішінде тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ай сайынғы субсидиялау;
- қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдама;
- жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу;
- экономикалық ұтқырлық сертификаттарын беру.
Бұдан басқа, өңіраралық қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілерге тұрғын үймен қамтамасыз етілген және кемінде екі жыл мерзімге тұрақты жұмысқа қабылданған әрбір қызметкер үшін 400 АЕК мөлшерінде жұмысқа орналасуға біржолғы субсидия беріледі.