Сапалы таза ауызсумен қамтылу деңгейі артады - ШҚО
Шығыс Қазақстан облысында соңғы жылдары ауызсу мәселесі жүйелі түрде шешімін тауып келеді. Тіршілік нәрі саналатын судың қолжетімділігі – тұрғындар өмірінің сапасы мен жайлылығының көрсеткіші. Бүгінде облыста су жүйелерін жаңғырту және ауыл-аймақты таза ауызсумен қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда өңірдегі су құбыры желілерінің тозу деңгейі 49 пайызды құрайды. Дегенмен жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 47 пайызға дейін төмендейді деп жоспарланып отыр. Бұл туралы ШҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Рауан Тұрысбек өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Оның айтуынша, облыстағы халықтың 99,4 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтылған, яғни, қалалықтар – 99,9%, ауыл халқы – 98,4%. Бұл көрсеткіш республикалық орташа деңгейден (98,6%) жоғары. Алайда облыстағы 723,9 мың тұрғынның 4,1 мыңы, оның ішінде 3,6 мыңы ауыл тұрғындары, әлі де сапалы суға қол жеткізе алмай отыр.
Мемлекет басшысының 2025 жылға дейін халықты 100 пайыз таза ауызсумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында облыста жалпы құны 49,8 миллиард теңге болатын 26 жоба жүзеге асырылуда.
Биыл осы мақсатқа республикалық, облыстық және мемлекеттік қаржыландыру жүйелерінен 16 миллиард теңге бөлінген.
2025 жылдың соңына дейін жалпы сомасы 23,5 млрд теңгені құрайтын 13 жоба аяқталады. Оның 8 нысаны тұрғындардың ауызсуға қолжетімділік көрсеткішін тікелей арттыруға бағытталған. Бұл жобалар Катонқарағай, Үлкен Нарын, Отрадное, Бозанбай, Асубұлақ, Большая Речка, Березовка ауылдары мен Өскемен қаласындағы Комсомольский кентін қамтиды.
Бүгінде Ұлан ауданыдағы Бозанбай ауылында жұмысты «ТМ Тепломир» ЖШС атқаруда. 34,1 шақырым желінің 32,8 шақырымы (96,2%) тартылған. Сорғы станциясы мен таза су резервуарында монтаж және әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Келесі аптада сорғы станциясының блок-контейнерін орнату басталады. Нысанда 28 техника және 48 жұмысшы еңбек етуде. Ал Асубұлақ ауылында қосалқы мердігер – «Төре Құрылыс XXI» ЖШС. 45,9 шақырым желінің 38,2 шақырымы төселіп, 555 құдықтың 333-і орнатылды. 3 ұңғыма бұрғыланып, сорғы станцияларының монтажы жүріп жатыр. Мұнда 35 техника және 75 адам жұмыс істеуде. Отрадное ауылында мердігер компания – «DK Build» ЖШС. Мұнда 8,6 шақырым желі тартылып, екінші көтерілім сорғы станциясының монтажы басталған. Нысанда 4 техника және 8 жұмысшы бар. Большая Речка ауылында жауапты кәсіпкер «Sem ARTA Stroy» ЖШС. 17,1 шақырым желі толық тартылған, 86 құдық орнатылып, ұңғыма бұрғыланды. Таза су резервуары бойынша жұмыстар 99 пайыз орындалды. Бірінші және екінші көтерілім сорғы станциялары жеткізіліп, монтаждалуда. Мұнда 5 техника және 20 адам еңбек етуде. Березовка ауылындағы мердігер «СервисТехЦентр» ЖШС барлық негізгі жұмыстарды аяқтап, қазір сынақ және қосу кезеңі жүріп жатыр. Нысанда 13 техника және 32 жұмысшы бар.
Катонқарағай ауданының орталығында жобаны «Integra Construction KZ» ЖШС жүзеге асыруда. 77,7 шақырым желі толық тартылып, барлық құдықтар орнатылған. Таза су резервуарларының құрылысы аяқталған. Нысанда 5 техника және 20 жұмысшы бар. Көрші Үлкен Нарын ауданы орталығында да дәл осы компания жұмыс істейді. 77,4 шақырым желі толық тартылған, 653 құдық орнатылған (жоспардағы 643-тен артық). Таза су резервуарлары толық дайын. Мұнда 5 техника және 18 жұмысшы бар.
Өскемендегі Комсомольский кентінде жұмысты «Alyans XXI» ЖШС атқаруда, бүгінде 96% орындалған, 254,5 шақырымның 245,5 шақырымы тартылған. Нысанда 12 техника және 34 адам жұмыс істеп жатыр.
Сонымен қатар облыста бұрын сапасыз салынған нысандарды қалпына келтіру бойынша кешенді жұмыс қолға алынған.
Самар ауданының Құлынжон, Аққала және Көкжыра ауылдарында су жүйелерін жөндеуге 309,4 миллион теңге бөлініп, жұмыстар аяқталды. Қазір абоненттерді қосу жүріп жатыр.
Марқакөл ауданындағы Боран ауылына 200 миллион теңге бөлінген, жұмыстар аяқталуға жақын.
Глубокое ауданындағы Белоусовка кентінде желілерді жөндеу жалғасуда. Бұл мақсатқа 70 миллион теңге, ал сорғы станциясын жаңартуға 100 миллион теңге бөлінді. Жұмысты «Alyans XXI» ЖШС атқаруда, нысанды 1 қарашаға дейін аяқтау жоспарланған.
Рауан Тұрысбектің айтуынша, барлық жобалар толық іске асқаннан кейін облыс бойынша 600 шақырымнан астам су желісі салынып, қайта жаңғыртылады.
Бүгінде Шығыс Қазақстанда әрбір ауылда тіршілік тамыры қайта жанданып келеді. Су жүйесінің жаңаруы – тек құбыр ауыстыру емес, ауыл өмірінің жаңа тынысын ашқан үлкен өзгеріс.
Айгүл Базарова
Елизавета Седых

