KZ
Өскемен
-6°
плотный туман жел 3 м/с, С
505.53 593.44 6.34

Шығыс Қазақстанда өрт сөндіру және құтқару техникасының автожорығы өтті

16.10.2025, 20:00 198 Базарова Айгүл

Өскемен қаласында ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына орай салтанатты автожорық ұйымдастырылды. Облыс орталығының көшелерімен өткен бұл көрініс – құтқару қызметінің тарихы мен бүгінгі жетістіктерін паш еткен ерекше шара болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Колоннаның алдыңғы легінде өткен ғасырдың символына айналған «ат арбалы өрт пойызы» – өрт обозы жүріп өтті. Бұл – жылқы жегілген арба түрінде жасалған, су мен өртке қарсы құрал-жабдықтарды апат ошағына жеткізуге арналған тарихи техника.

Көрермендерге кеңес дәуірінің аты аңызға айналған өрт көліктері де көрсетілді. Солардың бірі – ЗИЛ-130 базасындағы АЦ-40 өрт автоцистернасы. Бұл техника 45 жыл бойы үздіксіз шығарылып, өз кезеңінің нағыз символына айналған. Сонымен қатар ЗИЛ-130 және ЗИЛ-131 базасындағы автосатылар мен өрт-сорғы станциясы да көпшіліктің қызығушылығын тудырды.

Бүгінгінің батырлары – заманауи құтқарушылар да өз техникасын таныстырды. Қазіргі заманғы автоцистерналар жаңа өрт-техникалық құрылғылармен жабдықталған. Сондай-ақ жол талғамайтын «Трэкол» көліктері мен іздестіру-құтқару жұмыстарына арналған «Toyota Hilux» базасындағы машиналар көрсетілді. Бұл көліктер спутниктік, телефондық, радио және дыбыс күшейткіші байланыс жүйелерімен қамтамасыз етілген.

Автожорық барысында қала тұрғындары мен қонақтары құтқару қызметінің өткені мен бүгініне куә болып, батыл мамандардың еңбегіне тағы бір мәрте құрметпен көз жүгіртті.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу