Өскеменде мұнай базасындағы шартты өрт сөндірілді
Өскеменде өртке қарсы тактикалық оқу-жаттығу өтті. Сценарий бойынша, цистернада жарылыс болып, бензин жанған. Нысан әкімшілігі дереу 112 қызметіне хабарлап, жұмысшыларды эвакуациялады, - деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Оқиға орнына жеткен ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндірушілері резервуарларды салқындатып, көбікпен өшіру жұмыстарын жүргізді. Өрт сөндіру пойызы қолданылып, өрт аймағы оқшауланды. Оқу-жаттығу барысында жарақат алған жөндеуші-дәнекерлеушіге шұғыл медициналық көмек көрсетілді.
Жаттығу барысында жеке құрамның дайындығы тексеріліп, өрт сөндіру тактикасы жетілдірілді. Оған 11 техника мен 45 маман жұмылдырылды.
ШҚО ТЖД баспасөз қызметі