Үкімет халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған жаңа шаралар қабылдады
depositphotos.com
Ел Президентінің тапсырмасы бойынша Үкімет әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету және экономиканы қолдау бағытында кешенді шаралар қабылдауда. Олардың қатарында азық-түлік бағасын тежеу, тарифтерге мораторий енгізу, жаңа Салық кодексін кезең-кезеңімен енгізу, ипотекалық бағдарламаларды кеңейту және автокөлік сатып алу тетіктерін жеңілдету бар, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Арман Шаққалиев: Отандық өндірушілерден өнім сатып алу екі есе артады
ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін Үкімет бірқатар нақты шараларды қолға алған.
Министрліктің мәліметінше, ауыл шаруашылығы ведомствосымен бірлесіп ай сайын өңірлерге тікелей сиыр еті жеткізіледі. Бұл шаралар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының төмендеуіне ықпал етпек.
Асан Дарбаев: Коммуналдық қызмет тарифтеріне мораторий енгізілді
Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін электр, жылу, су, газбен жабдықтау және кәріз қызметтері бойынша тарифтерді көтеруге мораторий жарияланғанын мәлімдеді.
Мәди Такиев: Жаңа Салық кодексі кезең-кезеңімен енгізіледі
Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, салықтық әкімшілендіруді жеңілдету мақсатында шағын және микро бизнес үшін тексерулер мен камералдық бақылау уақытша тоқтатылады.
Жаңа Салық кодексі кезең-кезеңімен енгізіледі, бұл салық төлеушілерге бейімделу мүмкіндігін береді.
Ләззат Ибрагимова: “Наурыз1” және “Наурыз жұмыскер” ипотекалық бағдарламалары іске қосылады
«Отбасы банк» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова баспанаға қолжетімділікті арттыру мақсатында жаңа ипотекалық бағдарламалар қараша айында басталатынын хабарлады.
Барлық пәтер Баспана маркет платформасы арқылы сатылып, құрылыс компаниялары 36 ай бойы бағаны көтермейтіні жөнінде келісім жасайды.
Ерсайын Нағаспаев: Азаматтар үшін автокөлік сатып алу жеңілдейді
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың мәліметінше, отандық автоөндірушілер мен банктер арқылы жеңіл автокөлік сатып алу бағдарламалары жалғасады. Сонымен қатар жеке тұлғалар үшін автокөлікті лизинг арқылы сатып алу тетігі енгізілмек.
ҚР Үкіметі қабылдаған бұл шаралар азаматтардың тұрмыс деңгейін көтеріп, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.
@KZgovernment