KZ
Өскемен
-2°
снег жел 4 м/с, Ю
519.61 610.13 6.54

«Қазақмыс» жасанды интеллект арқылы кен орындарын дәл модельдеуді қолға алды

www.gov.kz
www.gov.kz
17.10.2025, 12:30 150 Әбішев Ержан

Қазақстанның тау-кен өнеркәсібінде цифрландыру үдерісі жаңа деңгейге көтерілді. «Қазақмыс» компаниясы геологиялық барлау мен пайдалы қазбаларды өндіру саласына жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын белсенді енгізіп келеді. 2025 жылдың мамыр айында іске қосылған Grade Copilot модулі бар Micromine Advance жүйесі кен орындарын бұрынғыдан да жылдам әрі нақты модельдеуге мүмкіндік беріп отыр. Бұл шешім өндірістің тиімділігін арттырып, алынатын деректердің дәлдігін қамтамасыз етпек, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мұндай жаңашылдық Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсеткен цифрландыру бағытына нақты қадам болды. Президенттің айтуынша, жасанды интеллект – «қуатты, әділетті және қауіпсіз Қазақстан құрудың маңызды тетігі». «Қазақмыс» компаниясы осы қағиданы өндірістік тәжірибеде нақты іске асырып отыр.

Таяуда Ташкент қаласында өткен Micromine пайдаланушыларының VIII Орталық Азия конференциясында компания мамандары жаңа жүйенің алғашқы нәтижелерін таныстырды.

Геологиялық барлау департаментінің директоры Бекасыл Аукешев Ұлыбританияның Weir Group Digital бөлімшесінің президенті Кристен Уолшпен және АҚШ-тың халықаралық сату жетекшісі Грег Слэйтермен кездесу өткізіп, бағдарламалық шешімдерді жетілдіру, жасанды интеллект құралдарын қолдану және қазақстандық мамандардың біліктілігін арттыру мәселелерін талқылады.

Қазіргі таңда компания геологиялық деректерді, соның ішінде өткен жылдардың мұрағаттық материалдарын толық цифрландыруды қолға алған. Геоақпаратты сақтау мен өңдеудің бірыңғай корпоративтік стандарты құрылып жатыр. Ал Micromine өнімдері барлау мен өндірудің барлық кезеңінде – бастапқы талдаудан бастап нақты жоспарлауға дейін – белсенді қолданыс табуда.

2025 жылдың соңына дейін «Қазақмыс» Micromine Advance және Alastri жүйелерінің жаңа модульдерін енгізуді жоспарлап отыр. Бұл өндірістік процестердің толық цифрлық интеграциясын қамтамасыз етеді.

Конференция барысында геолог Жан Шомытов Жаман-Айбат кен орны бойынша жүргізген зерттеу нәтижесін ұсынды. Micromine бағдарламасы арқылы мамандар мыстың минералдануы мен тектоникалық бұзылыстар арасындағы байланысты анықтап, ЖИ технологияларының геологиялық құрылымдарды талдаудағы тиімділігін дәлелдеді.

Бүгінде «Қазақмыс» компаниясында 400-ден астам маман Micromine бағдарламасын пайдаланады. Корпорацияның 300-ге жуық лицензиясы мен 1400-ден астам модулі бар. Деректердің 90%-ы цифрлық форматқа көшірілген, ал 500-ден астам қызметкер арнайы оқытудан өткен. Олардың көпшілігі халықаралық деңгейдегі сертификатқа ие.

Осындай жүйелі қадамдардың арқасында «Қазақмыс» Қазақстандағы тау-кен өндірісін цифрландыру ісінде көшбасшылық позициясын нығайтып, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды өнеркәсіпке енгізу жөніндегі Президент тапсырмасын табысты орындап келеді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу