«Тең мүмкіндіктер»: Өскемен қаласында инклюзивті спорттық фестиваль өтті
Өскеменде AMANAT партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында ерекше қажеттіліктері бар балалар мен олардың құрдастарын біріктірген «Тең мүмкіндіктер» атты балаларға арналған инклюзивті спорттық фестиваль өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
«Кедергісіз келешек» жобасы AMANAT партиясының бастамасымен екінші жыл қатарынан өткізіліп келеді. Іс-шараны партияның әйелдер қанаты, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының білім, дене шынықтыру және спорт, мәдениет басқармалары бірлесе ұйымдастырды.
Фестивальге облыстың барлық қалалары мен аудандарынан келген 23 команда қатысты. Қатысушылар бочча, жеңіл атлетика және эстафета бойынша сынға түсті. Балалардың жасы 8 бен 16 жас аралығында, жарыс үш топқа – кіші, орта және ересек жас санаттарына бөлініп өткізілді.
Өскемендегі №19 мектептің 7 сынып оқушысы Еркежан Тлеухан бұл фестивальге екінші мәрте қатысып отыр. Қимыл-тірек жүйесі бұзылған Еркежан бочча спорт түрімен айналысады және өткен жылы бірінші орынды иеленген. Бочча – паралимпиадалық спорт түрі, боулингке ұқсайды. Мұнда ең бастысы – күш емес, дәлдік пен зейін.
Фестивальге Самар ауданынан келген тағы бір қатысушы, Ж. Болғанбаев атындағы мектеп-лицейдің оқушысы волейболға қызығып, кәсіби спортшы болуды армандайды.
Фестивальдің ашылу салтанатында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар ән салып, сахна төрінде өнер көрсетті. Бұл әсерлі нөмірлер көрермендерге қуаныш сыйлап қана қоймай, қатысушылардың өздеріне де үлкен мотивация болды.
Эстафета нәтижелері бойынша:
Кіші жас тобы арасында:
І орын – Глубокое ауданы
ІІ орын – Тарбағатай ауданы
ІІІ орын – Ұлан ауданы
Ересек жас тобы арасында:
І орын – Катонқарағай ауданы
ІІ орын – Тарбағатай ауданы
ІІІ орын – Ұлан ауданы
Жеңіл атлетика бойынша:
Кіші жас тобы:
І орын – Күршім ауданы
ІІ орын – Риддер қаласы
ІІІ орын – Алтай ауданы
Ересек жас тобы:
І орын – Алтай ауданы
ІІ орын – Күршім ауданы
ІІІ орын – Глубокое ауданы
Фестиваль соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар, кубоктар, арнайы медальдар және ақшалай сертификаттар табысталды.
Роксана Глыбова
Фото: Данияр Сагидолдин









