KZ
Өскемен
-7°
облачно с прояснениями жел 7 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

Шығыс Қазақстанның бұқаралық спорттағы жетістігі: мәнерлеп сырғанау және сурдоспорт

10.12.2024, 11:30 43 Гульжан Мусина

Шығыс Қазақстанда жастар арасында мәнерлеп сырғанау бойынша Қазақстан чемпионаты және балаларға арналған инклюзивті спорттық фестиваль «Тең мүмкіндіктер» өтті. Шығыс Қазақстан облысының ТЖД қызметкерлері арқан тартудан Қазақстан чемпионатында үшінші орынға ие болды. Сонымен қатар, Қазақстандық Ұлттық гвардияның әскери қызметшісі самбодан әлем чемпионатында күміс медаль алды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Мәнерлеп сырғанау

Өскемендегі Борис Александров атындағы спорт сарайында конькимен мәнерлеп сырғанаудан жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты өткен болатын. Үш күнге созылатын байрақты бәсекеге еліміздің 11 өңірінен 100-ден астам спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтап шықты.

Облыс орталығындағы спорт сарайының мұз айдынында ұлттық құрама мүшелері, облыстық, республикалық және халықаралық жарыстардың жеңімпаздары өнер көрсететін болады. Белгілі болғандай, биылғы жарысқа қатысатын спортшылар арасында Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан, сондай-ақ Алматы, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар мен Шығыс Қазақстан облыстарының жас спортшылары бар. Осы ретте бұл бәсеке 12 мен 18 жас аралығындағы мәнерлеп сырғанаушылар арасында өтіп жатқанын айтқан абзал.

Сондай жас спортшының бірі Джахонгир Әбілқасымовтың бұл спорт түріне ден қойғанына төрт жылдың жүзі болыпты. Осы уақыт аралығында жас болса да болашағынан зор үміт күттіретін жерлесіміз бірнеше дүбірлі додада топ жарып үлгеріпті. Бұл туралы талапты жастың анасы Гүлдана Әбілқасымовадан сұрап білдік.

– Менің ұлым өз санатында ел чемпионы. Жастар арасындағы бірнеше жарыста үздіктер қатарынан көрініп үлгерді. Бұған дейін Мәскеу, Ташкент сияқты қалалардағы жарыстарға қатысып қайттық. Алдағы уақытта шеберлігін шыңдап, халықаралық аренада Қазақстан намысын абыроймен қорғау мақсаты тұр. Ұлыма бұл спорт өте ұнайды, болашағын мәнерлеп сырғанаумен байланыстырғысы келеді. Біз оған қолдан келген көмекті беруге әзірміз, – дейді спортшының анасы.

Биылғы жарыс шынымен де қызықты әрі тартысты ұйымдастырылды. Жарысқа қатысушылар арасында спорт шеберлігіне үміткер жастар аз емес.

– Жастар чемпионаты 2025 жылғы Әлем чемпионатына іріктеудің бірінші кезеңі болып табылады. Бүгінгідей жарыстарда сол жаһандық додада Қазақстанның намысын қорғайтын мықтылар айқындалды. Іс жүзінде барлық өңірде мәнерлеп сырғанау дамуда. Көшбасшылар – Алматы, Астана, Шымкент және Қарағанды қалалары. Бірақ соңғы жылдары еліміздің өзге өңірлерінен де талантты жастар шыға бастады, – дейді жарыстың бас төрешісі Юрий Гусков.

Мәселен, Шығыс Қазақстанның намысын «Звездный» клубының 15 спортшысы қорғайтын болады. Клуб мүшесі Мария Сосновская «бірінші спорттық разряд» категориясында күміс медаль жеңіп алды. Айта кетер жайт, үш күнге созылған жарыс барысын кез келген адам келіп тамашалай алды. Бұл ретте Спорт сарайында өтіп жатқан ел чемпионатына кіру тегін.

Арқан тартыс

Қазақстан астанасында арқан тартудан ашық республикалық турнир өтті. Жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 20 команда қатысты. Шығыс Қазақстан облысын өкілдеген «Улан» әйелдер командасының құрамына облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері Жұпар Жанбуршина мен Назгүл Тұрсынбекқызы кірді.

Қыздар үлкен шеберлік пен ептілік танытып, жарыстың қорытындысы бойынша үшінші орынды жеңіп алды.

Инклюзивті фестиваль

Өскемендегі Шығыс Қазақстан облыстық волейболдан мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв спорт мектебінде «AMANAT» партиясының «КЕДЕРГІСІЗ КЕЛЕШЕК» жобасы аясында балаларға арналған  «Тең мүмкіндіктер» инклюзивті спорттық  фестивалі жалауын көтерді.

Фестивальға Алтай, Глубокое, Үлкен-Нарын, Күршім, Самар, Тарбағатай, Ұлан, Зайсан, Марқакөл аудандары мен  Өскемен қаласынан барлығы он команда қатысып спорттың үш түрінен, атап айтқанда, боча-доп лақтыру, эстафета табыстау және жүгіруден «Кім мықтыны?!» анықтады.

Шараны ұйымдастырушылар: «AMANAT» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы, ШҚО білім басқармасы, ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы.

Спорт бәсекесін «AMANAT» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрайымы Сайрангул Жұмаділова құттықтау сөзімен бастап, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

- Іс-шараның мақсаты-инклюзивті спорттық-мәдени іс-шараларды өткізу арқылы әлеуметтік белсенділікті, сенім мен өзара сыйластықты арттыру, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен олардың дені сау құрдастары арасындағы достық байланыстарды нығайту, - дейді партия төрайымы Сайрангүл Ахметкәрімқызы.

Жарыс қорытындысында «Бочча» бағдарламасы бойынша Өскемен қаласының «Жалын» командасы 1-орын  иеленді.

Ал, «Біз жеңімпаз боламыз» инклюзивті командалық эстафетадан кіші санат бойынша 1-орынды Ұлан ауданының «Қырандар» командасы иеленген болса, үлкен санатта 1-орынды Күршім  ауданының «Ақ сұңқар» командасы ұтып алды.

Сондай-ақ, үшінші бағдарлама «Жеңіл атлетика» бойынша кіші санатта Зайсан ауданынан келген «Барыс» командасы мен аға санаттағы Глубокое ауданының «Қайсар» командасы жеңімпаздар қатарынан көрінді.Барлық қатысушы командаларға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Шығыста сурдоспорт қарқынды дамып келеді

Шығыс Қазақстан облысының мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубы сурдоспортшылардың санын арттыруды және олардың спорттық жетістіктерін нығайтуды мақсат етеді. Облыста параспортшылармен салыстырғанда сурдоспортпен айналысатын спортшылардың қатары көбірек. Осы бағыттағы жұмысты дамытып, әрбір спортшының жетістігіне қолдау көрсету – ШҚО мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубының негізгі міндеттерінің бірі.

– Бүгін біз Өскемен қызмет көрсету саласы колледжінің студенттерімен кездесу өткіздік. Мақсатымыз – есту қабілеті нашар азаматтарды кәсіби спортқа тарту. Облысымызда әзірге сурдоспорттың 16 түрі дамып келеді. Біз осы спорт түрлерімен шұғылданғысы келетін жастарға қолдау көрсетуге дайынбыз. Клубта білікті бапкерлер жұмыс істейді. Әр спортшыны жеке жетелеп, жеңіс тұғырына шығаруға тырысамыз, – деді ШҚО мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубының директоры Балғабек Ақшолақов.

Кездесу барысында Өскемен қызмет көрсету саласы колледжінің есту қабілеті нашар студенттері ел намысын қорғап жүрген сурдоспортшылармен сұхбаттасты. Спортшылар студенттерге өздерінің жеңіске жету жолдары туралы айтып, сурдоспортқа қатысты сұрақтарға жауап берді. Кездесуге қатысқан танымал спортшылар қатарында:

Антон Шадрин – сырықпен секіруден Қазақстан Республикасының күміс жүлдегері

Шадрин Антон Максимович - 17.05.2000 жылы туған, спорт шеберіне үміткер, жеңіл атлетикадан ҚР Ұлттық құрамасының мүшесі (сурдо). Сырықпен секіруден І Азия-Тынық мұхиты чемпионатының күміс жүлдегері (2023ж.), ғимаратта сырықпен секіруден   ҚР чемпионы (2024ж.), сырықпен секіруден ҚР Чемпионатының күміс жүлдегері (2024ж.).

Айтолқын Ризабек – 2024 жылғы үстел теннисінен ҚР чемпионатының күміс жүлдегері

Ризабек Айтолқын Сейфоллақызы - 15.11.1993 жылы туған, ҚР спорт шебері, үстел теннисінен ҚР Ұлттық құрамасының мүшесі (сурдо). 2024 жылғы үстел теннисінен ҚР чемпионаты (2 орын аралас жұп, 3 орын әйелдер жұбы).

Александр Величко – таэквондошы

Величко Александр Владиславович - 26.08.1994 жылы туған. Қазақстан Республикасы Кубогының (дзюдо) қола жүлдегері. Қазір желтоқсан айында Астана қаласында өтетін таеквондо WT (сурдо) бойынша ҚР Кубогынына дайындалуда.

Айдидар Нұрмұхаметова – дзюдо спортында жаңа бастаушы спортшы

Нұрмұхаметова Айдидар Қалымқызы - 24.08.2006 жылы туған, 2024 жылғы 21-24 қараша аралығында Астана қаласында дзюдодан (сурдо) ҚР Кубогына қатысады. «Өскемен қызмет көрсету саласы колледжінің» КММ студенті.

Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысында қазіргі таңда 184 сурдоспортшы бар. Олардың басым бөлігі Риддер, Алтай, Өскемен қалалары мен Глубокое, Зайсан және Тарбағатай аудандарында жаттығып, облыстық және республикалық жарыстарға қатысып жүр.

Самбо

Қазақстан астанасында өткен самбо бойынша әлем чемпионатында Қазақстанның Ұлттық гвардиясы әскери қызметшісі Еламан Қойшыбаев күміс медаль жеңіп алған болатын.Чемпионаттың екінші күнінде 9 салмақ дәрежесінде жеңімпаздар анықталды. Еламан Қойшыбаев 88 кг салмақ категориясында финалға шығып, күміс медальды иеленді.

- Еламан біздің еліміздің намысын қорғаумен қатар, шынымен де мықты жауынгер екенін көрсетті. Алда көптеген жеңістер бар деп сенемін және әрбір жеңіс Ұлттық гвардияның абыройын арттырып, жастарды ынталандыратыны сөзсіз, – деді Ұлттық гвардияның физикалық дайындық және спорт бөлімінің бастығы, полковник Сатжан Әбішев.

Өз кезегінде Еламан Қойшыбаев спорттық мансабында алған жаңа дағдылары мен шыдамдылығын Ұлттық гвардиядағы қызметіне қарыз екенін атап өтті.

- Бұл жарыс нағыз сынақ болды. Әрбір күрес мені толықтай шыңдалуға, ден қоюға мәжбүр етті. Маған дайындық пен қолдау көрсеткен жаттықтырушыларым мен отбасыма алғыс айтамын. Осы деңгейдегі жарыстарда Қазақстанды таныстыру мүмкіндігі үшін Ішкі істер министріне және Ұлттық гвардияның Бас қолбасшысы генерал-майор Ансаған Балтабековқа үлкен алғысым шексіз. Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік әрі құрмет, – деді жеңімпаз.

Александр Харламов
Фото: Нелли Петенева

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу