Қолөнер – тек әсемдік емес, тәрбие мен танымның, ұлттық болмыстың іргетасы
Шығыс Қазақстанда ұлттық мұра мен рухани сабақтастықты жаңғырту ісі жүйелі жалғасуда. Сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорық пен танымал этнодизайнер, «Ұршық» республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Бибігүл Карденованың шығармашылық серіктестігі соңғы жылдары өңірдің мәдени өміріне тың серпін берді. Бір жылдан астам уақыт бойы музейдің халықтық және сәндік-қолданбалы өнер бөлімі мен Бибігүл Лаубайқызы бірлесе жұмыс істеп, ұлттық өнерді дәріптеу, дәстүр сабақтастығын сақтау бағытында бірнеше маңызды жобаларды жүзеге асырып келеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Музейдің ғылыми қызметкері Жадыра Рахатованың айтуынша, бұл ынтымақтастықтың басты өзегі – ұлттық құндылық пен өнерді сақтай отырып, оны жаңа заман талабына сай дамыту.
2023 жылы Бибігүл Лаубайқызы «Ғасырлық дәстүрлер» атты республикалық фестиваль-байқауда әділқазылар құрамында болып, ШҚО филармониясымен бірлесіп өткізілген сырмақ, текемет, алаша бұйымдары байқауының жоғары деңгейде өтуіне атсалысты. Ал өткен жылы Катонқарағай ауданында өткен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық фестивальде шебердің бастамасымен ұйымдастырылған көрме-жәрмеңке үлкен қызығушылық тудырды. Оған қатысқан 12 өскемендік шебердің туындылары көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, сұраныс жоғары болды.
Фестивальге Алматы мен Қарағандыдан келген кәсіби зергер Нұржан Жұмабаев та қатысып, ұлттық нақыштағы зергерлік бұйымдарын көпшілік назарына ұсынды. Ал Бибігүл Лаубайқызының өзі Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған этноауыл көрмесіне қатысып, ерекше құрметке ие болды. Жүннен басылған оюлы шапандар мен тақиялар топтамасын ұсынып, ұлы ақынның шапанына ұқсатып тіккен киімін Абай музейіне сыйға тартты. Бұл – өнердің рухани маңызын айқындаған, ұлттық мұраны дәріптеген ерекше сәт болды.
Жуырда Бибігүл Карденова Өскемен қаласында киіз басу бойынша шеберлік сабағын өткізді. ШҚО филармониясының үшінші қабатында өткен бұл шараға жеті адам қатысты. Үш жарым сағаттық шеберлік барысында қатысушылар 130 грамм жүннен аппақ тақия басып, дәстүрлі киіз басу тәсілдерін үйренді. Шебер қатысушыларға киіздің шығу тарихы, тұрмыс пен мәдениеттегі орны туралы мол мағлұмат берді. Қатысушылар арасында тәжірибелі шеберлер М. Ауелбекова, Е. Тоқай, Ж. Бабаханова және жас буын өкілдері Ж. Әділбекова, С. Қасымжанова бар. Бұл іс-шара үлкен мен жастың тәжірибесін тоғыстырған, ұлттық өнердің өміршеңдігін дәлелдеген рухани көпірге айналды.
Музей мен «Ұршық» бірлестігі алдағы уақытта «Ұрпақ сабақтастығы» атты жаңа жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. Оның мақсаты – аға, орта және жас буын арасындағы рухани байланысты нығайтып, ұлттық өнерді қазіргі жастардың бойына сіңіру.










