Ел үмітін ақтаған ер — Нұржан Жолжақсынов Президент қолынан марапат алды
Адам өмірін арашалап, нағыз ерлік пен кәсіби батылдық танытқан Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті Жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы Нұржан Жолжақсынов Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан мемлекеттік марапат алды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл – қызметіне адалдық пен азаматтық борышқа берілген жоғары баға. Айта кетейік, биыл жазда Самар ауданының Құлынжон ауылдық округіндегі Бұқтырма су қоймасында болған төтенше жағдай кезінде Нұржан Жолжақсынов өз өмірін қатерге тігіп, суға батып бара жатқан төрт баланы аман алып қалды.
Құтқарушылар тобы – Нұржан Жолжақсынов, Әсет Тұрсын, Саян Ерназ және куәгер Асылан Нұрекенов бірлесе әрекет етіп, балаларды судан құтқарды.
Нұржан Тұрсынбекұлы құтқару шеңберінің көмегімен 2011 жылы туған баланы судан алып шықты, ал әріптестері қайықпен қалған балаларды жағаға жеткізді.
Бұл оқиға – адам өмірін сақтау жолындағы ерліктің, кәсіби жауапкершіліктің және нағыз азаматтық борыштың көрінісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұржан Жолжақсыновқа мемлекеттік награда тапсырып, оның қызметтік ерлігін жоғары бағалады.
Айгүл Базарова




