Бұқтырма су қоймасында төрт бала суға кете жаздады
Фото: bing.com
10 маусым күні Самар ауданы, Құлынжон ауылдық округінде Бұқтырма су қоймасында ересектердің қарауынсыз қалған төрт бала шомылып жүріп суға батып кете жаздады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
«Жел көтеріліп, үлкен толқындар балалардың жағаға жетуіне мүмкіндік бермеді. Шығыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті жедел-құтқару жасағының көмекке келген қызметкерлері Нұржан Жолжақсынов, Әсет Тұрсын, Саян Ерназ және бір куәгер азамат 2008, 2012, 2011 және 2010 жылы туған балаларды судан алып шықты. Нұржан Жолжақсынов бірден суға сүңгіп, құтқару шеңберімен баланы құтқарды. Ал Әсет Тұрсын мен Саян Ерназ қалған балаларға қайықпен жағаға шығуға көмектесті. Осы сәтте жағада болған куәгер Аслан Нұрекенов құтқарушыларға көмектесіп, суға батып бара жатқан балаларға жүзіп барып, құтқару шеңберін лақтырды», - деп хабарлады Төтенше жағдайлар департаментінен.
Құтқару қызметі азаматтардан судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды, балаларды қараусыз қалдырмауды және арнайы жабдықталмаған жерде шомылуға болмайтынын ескертеді.
Оқи отырыңыз