KZ
Өскемен
-11°
ясно жел 1 м/с, С
504.6 594.27 6.48

Күршімнің өрісі кеңейіп келеді

18.10.2025, 17:00 211 Базарова Айгүл

Биыл Күршім ауданының тоғыз айдағы көрсеткіштері өлкенің өрісі кеңейгенін дәлелдейді: егін еккен еңбеккердің, төрт түлігін түлеткен шаруаның төккен тері, жергілікті кәсіпкердің ізденісі – бәрі бірігіп аудан экономикасын жаңа белеске көтеріп отыр. Мал мен сүт өндірісі артқан, инвестиция көлемі ұлғайған, өнеркәсіп өндірісі үш есеге жуық өскен. Қиындықсыз болмайтыны анық, бірақ күршімдік іскерлер мен еңбек адамдары сол қиындыққа мойымай, өсім мен өрлеудің нақты үлгісін көрсетіп келеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 


Ағымдағы жылдың тоғыз айының қорытындысы Күршім ауданының ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласында айтарлықтай серпілістердің бар екенін көрсетті. Аудан экономикасының негізгі тірегі – ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісі, инвестиция тарту және өнеркәсіптік өндіріс көлемі біртіндеп артып келеді. Сонымен қатар ауыл кәсіпкерлері де ел экономикасының күре тамырына айналып, жаңа бастамалар арқылы өңірдің әлеуетін арттыруға үлес қосуда.

– Ауданның агроөнеркәсіп кешеніндегі осы жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы жалпы өнім көлемі 19 миллиард 32,9 миллион теңгені құрап отыр. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 122,3 пайыздық өсім көрсеткіші. Ал нақты көлем индексі 109,3 пайызды құрады. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 2024 жылдың 9 айында бұл көрсеткіш 15 миллиард 562,8 миллион теңге болған, – дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ришат Ысқақов.


Ауылдағы негізгі бағыттардың бірі – мал шаруашылығы. Аудандағы ірі қара мал саны 38 803 басқа жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 99,6 пайыз деңгейінде сақталды. Оның ішінде сиыр басы – 26 590, бұл 2024 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 5,3 пайызға артық.
Ұсақ мал шаруашылығында кері динамика байқалады. Ұсақ мал саны 85 867 басты құрап, өткен жылмен салыстырғанда 7 пайызға азайған. Бұл көрсеткіштің төмендеуіне Өзбекстан азаматтарының елімізден етті жаппай сатып алып, сыртқа тасымалдауы себеп болып отыр. 2023 жылы шамамен 7 мың тонна, 2024 жылы 15 мың тонна, ал биыл 7 мың тоннаға жуық ұсақ мал еті сыртқа шығарылған.

Дегенмен, жылқы шаруашылығында айтарлықтай өсім бар – 21 763 бас, яғни өткен жылмен салыстырғанда 110,4 пайыздық өсім. Бұл ауыл тұрғындарының жылқы өсіруге деген қызығушылығының артқанын және ет бағытындағы шаруашылықтардың көбейіп жатқанын көрсетеді.

Сүт өндіру көлемі де артып отыр. Осы жылдың 9 айында аудан бойынша 15 159,1 тонна сүт өндіріліп, өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 16,9 пайызға артқан. Бұл ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігінің артқанын, малдың азықтық базасы мен күтім сапасының жақсарғанын айғақтайды.

Инвестиция – экономикалық өсімнің басты тетігі. Осы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында ауданның негізгі капиталына 6 миллиард 349 миллион теңге көлемінде инвестиция тартылған. Өткен жылдың 9 айында бұл көрсеткіш 23 миллиард 210 миллион теңгені құрағанымен, биыл нақты көлем индексі 26,4 пайыз болып отыр.

Алайда жеке инвестициялар көлемі оң нәтиже көрсетуде – 5 миллиард 519,8 миллион теңге, бұл былтырғы көрсеткіштен 20,5 пайызға артық. Бұл – жеке кәсіпкерлердің белсенділігінің артқанының айқын дәлелі. Қазіргі уақытта аудан бойынша жылыжай кешендері, мал бордақылау алаңдары, шағын сүт фермалары мен ауыл шаруашылығы кооперативтеріне арналған жобалар жүзеге асуда.

Аудан өнеркәсібі де соңғы уақытта жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Осы жылдың тоғыз айында өнеркәсіп өнімдерінің жалпы көлемі 7 миллиард 637,7 миллион теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 257 пайызға артқан. Бұл – индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының нақты нәтижесі.

Өңдеу өнеркәсібі өнімдері де айтарлықтай көбейіп, 6 миллиард 201,1 миллион теңгені құрады. Өсім қарқыны – 244,8 пайыз, ал нақты көлем индексі – 193,7 пайыз.

– Аудан бюджетіне айтарлықтай салық түсімдері түсті, оның ішінде «ВСАМ Продакшн» ЖШС-нен – 52,9 миллион теңге, «ГРК Визол» ЖШС-нен – 566,7 миллион теңге. Бұл көрсеткіштер өндіріс орындарының белсенді жұмыс істеп, аудан экономикасына нақты үлес қосып отырғанын дәлелдейді, – дейді Ришат Ысқақов.

Аудан бойынша шағын және орта бизнес субъектілерінің саны осы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша – 1560. Бұл өткен жылдың көрсеткішінен (1602) аздау. Төмендеудің негізгі себептері – экономикалық белсенділіктің бәсеңдеуі, шикізат пен тауар бағасының өсуі, логистикалық шығындардың артуы және инфляцияның әсері.

Сонымен қатар кәсіпкерлер үшін несие алу қиындықтары да өзекті мәселе болып отыр. Банктердің кепілзат талаптарының күшеюі және жоғары пайыздық мөлшерлемелер жаңа жобаларды іске қосуға кедергі келтіруде.
Дегенмен, бұл жағдай кәсіпкерлікті дамыту бойынша жаңа шешімдер іздеуге түрткі болуда. Қазіргі уақытта аудан бойынша «Ауыл аманаты», «Бизнестің жол картасы», «Еңбек» сияқты мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несие мен гранттар беру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

– Осы жылдың 9 айында ауданның бөлшек сауда айналымы 2 миллиард 104,7 миллион теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 108,9 пайызға артқан. Бұл тұрмыстық сұраныстың сақталғанын және тұтынушылар белсенділігінің жоғары екенін білдіреді, – дейді бөлім басшысы

Сауда орындары мен жергілікті кәсіпкерлер ауыл тұрғындарын қажетті азық-түлікпен үздіксіз қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар «Береке Fest» сияқты әлеуметтік маңызы бар жәрмеңкелер өткізіліп, отандық өнім өндірушілерге қолдау көрсетілуде.

Жалпы алғанда, осы жылдың тоғыз айындағы көрсеткіштер аудан экономикасының тұрақтылығын, ауыл шаруашылығында өнімділіктің артқанын, кәсіпкерліктің жаңа бағыттар іздеп, бейімделіп келе жатқанын дәлелдейді.

Өңірдің негізгі капиталы мен өндірістік әлеуеті өсіп, әлеуметтік-экономикалық даму бағыты айқындалып отыр. Ендігі мақсат – ауыл еңбеккерлерінің еңбегін қолдау, шағын және орта бизнесті ынталандыру, инвестициялық тартымдылықты арттыру арқылы елді мекендердің экономикалық қуатын күшейту.



Ержан Әбіш

Махаббат Ахметжанова 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу