Аң-құсын Алтайдың қызғыштай қорыған...
Шығыстың төрі – Катонқарағай өңірі ілгеріден өзінің көз тұндырар бірегей табиғатымен, түрлі тарихи-мәдени ескерткіштерімен, киелі орындарымен көпке аян. Әсіресе өлкеміздің көрікті табиғаты көптің назарын өзіне аударып келеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Осындай тұмса табиғатты, ондағы мекен етіп жатқан сан мыңдаған аң мен құсты, орасан аумақты алып жатқан орманды алқапты көзіміздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етіп қалдыру – баршамыздың міндетіміз. Алтайдың жабайы аң мен құсын, орман-тоғайын бейберекет отап, заңға қайшы әрекеттерге бой алдырмас үшін қазір бұл аймақта тиімді әрі жүйелі жұмыс бір жолға қойылған. Осынау жауапты да ауыр қызметті Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің үлкен ұжымы өз мойындарына алып, абыроймен атқаруда.
ЕРЕКШЕ ҚОРҒАЛАТЫН ТАБИҒИ АЙМАҚ
Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің іргетасы 2001 жылы қаланған. Бұл еліміздегі аумағы жағынан ең ірі табиғи саябақ болып табылады. Парктің аумағы 643 мың гектардан асып жығылады. Оның 215 мың гектарды құрайтын орманды алқапта 24 мың куб метр ағаш қоры бар.
Осындай ауқымды алқапты еншілеп отырған табиғи парктің аумағында марал, бұлан, таутеке, аю, сілеусін, құну тектес сүтқоректілердің 72 түрі мекендесе, құстардың 250-ден астам түрі кездеседі.
Соның ішінде өте сирек кездесетін, қорғауға алынып, Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген ұлар, қара дегелек, тағы да басқа құстар есепке енген.
Саябақ жерінде самырсын, балқарағай, қарағай, шырша, қайың, мойыл, терек өседі. Өте сирек кездесетін, жылдан жылға таралу аймағы азайып бара жатқан, Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген алтын тамыр, Алтай рауағашы, марал тамыр секілді 40-тан астам өсімдік түрлері кездеседі. Мінеки, осыншама табиғат байлығына ұлттық парктің қызметкерлері күн-түн демей бас-көз болып отыр.
2014 жылдан бері Катонқарағай МҰТП ЮНЕСКО-ның ерекше қорғалатын табиғи мұрасының тізіміне кірген.
ЖҰМЫС АУҚЫМЫ КЕҢ
Әңгімеміздің басында өңірдің табиғат байлықтарына зиян тигізбеудің алдын алу үшін парк аумағында нәтижелі жұмыс атқарылатындығын айтқан едік. Бұл бағытта Катонқарағай МҰТП-де жануарлар әлемін қорғау және өндіру бөлімі нәтижелі жұмыс атқарып келеді. Аталған бөлімде 2004 жылдан бері Ерік Қасымов жемісті еңбек етеді. Қазіргі таңда Ерік Тұрсынхан-
ұлы осы бөлімді басқарып отыр. Алтайдың көрікті табиғатын қызғыштай қорып, қандай да болмасын заңсыз әрекеттердің жолын кесіп, алдын алу шараларын ұйымдастырып отырған осы бөлімнің қызметкерлеріне жүктелген.
Жабайы аңдардың қысқы азығын дайындау үшін жаз кезінде парктің инспекторларына арнайы тапсырма беріледі. Әрбір инспектор өзіне бекітіліп берген аумақтағы шөпті шауып, қайың бүршіктерін дайындайды, жемшөп салуға арналған науаларын әзірлеп, тұзын себеді. Ерік Қасымовтың айтуынша, биыл 27 тонна тұз жеткізілген. Оны көктем айларында жануарлардың қоректенетін орындарына салады.
Көктемде жабайы жануарларға тұз керек, өйткені төлдеу кезінде, қыстан шыққанда олардың ағзалары тұзды қажет етеді. Тұзды инспекторлар арнайы жалақтарға салады, бір жалаққа жылына 30-35 кг мөлшерінде тұз кетеді екен.
ЗАҢСЫЗ АҢ АУЛАУ ТЫЙЫЛДЫ
Алтайдың аң мен құсын заңсыз аулап, ну орманын отамаудың алдын алу бойынша арнайы іс-шаралар да ұлттық парктің инспекторларына жүктелген. Бұл бағытта МҰТП қызметкерлері аудандық ішкі істер бөлімі, Өрелдегі шекара комендатурасымен, сондай-ақ көршілес Алтай, Үлкен Нарын, Күршім орманшылықтарының, Марқакөл табиғи паркінің қызметкерлерімен бірге браконьерлікке тосқауыл қою бойынша арнайы жоспар құрып, соның аясында жыл бойында парк аумағында бірнеше рейдтік аралаулар жүргізеді.
Ерік Қасымов осындай рейдтер көктем және күз айларында өтетіндігін айтады. Осы жылдың 8 айында осындай 26 рейд жасалған.
Атап өтерлік жайт, 2019 жылдан бері МҰТП аумағында заңсыз аңшылықпен тіркелген фактілер болған емес. Оған дейін елік, марал, аю, күдір сияқты аңдарды заңсыз аулағандар ұсталған кездер болған. Ол уақытта заң да жұмсақтау болды, айыппұл көлемі аз еді. 2017 жылдан бері МҰТП аумағында аң аулау тоқтатылған соң, заң қаталданды. Қазіргі таңда осы бағытта жергілікті халықпен, мекемелермен, өңірге келуші туристермен арнайы үгіт-насихат, ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргіземіз.
АЮ МЕН ҚАСҚЫР САНЫ КӨБЕЙГЕН
МҰТП аумағында заңсыз балық аулаудың да алдын алу жұмысы реттелген. Ауданда балық аулауға арналған Марал, Қаумыш, Қаракөл сияқты көлдер бар. Жануарлар әлемінің қорғау және өндіру бөлімі бастығының айтуынша, бұл көлдерде балық аулау үшін адамдар арнайы рұқсатпен ғана кіре алады. Ал Бұқтырма өзенінен балық аулауға әр балықшыға 5 кг дейін тегін балық ұстауына рұқсат етілген. Тиісті рұқсат қағазын МҰТП бас кеңсесі мен орманшылықтардан жаздырып алуға болады.
Биыл маусым айында заңсыз балық аулаған бір адам ұсталған. Оған келтірілген залалы үшін айыппұл салынған.
Алтайдың аң мен құсы, балығынан бөлек, орман-тоғайына да зиян келтіргендер тиісті жазаларын алады.
Ұлттық парк ерекше қорғалатын табиғи аумақ болғандықтан, бұнда аң аулауға тыйым салынған. Әкімшілік аумақта әуесқой аңшыларға рұқсат берілетіндігін айтады Ерік Қасымов.
МҰТП қызметкерлерінің санағы бойынша, биыл аю саны – 340, қар барысы – 11, сабаншы – 1, тау сусары – 12, қасқыр –146, қабан шошқа 190-ға жеткен. Осы жылы аю мен қасқырдың, қабан шошқаның саны артқандығын айтады олар.
Табиғат жанашырлары алдағы уақытта Ресейдегі Катунь биосфералық табиғи қорығына барып, сол аумақта қар барысын фототұзаққа түсіріп алуды жоспарлап отыр екен.
Айта кетейік, МҰТП қызметкерлерінің санағы бойынша, биыл аю саны – 340, қар барысы – 11, сабаншы – 1, тау сусары – 12, қасқыр –146, қабан шошқа 190-ға жеткен. Осы жылы аю мен қасқырдың, қабан шошқаның саны артқандығын айтады олар.
Тимур Серікхан
Катонқарағай ауданы



