KZ
Өскемен
-6°
туман жел 3 м/с, СБ
505.53 593.44 6.34

«Тасымалдаушы» акциясы: 268 жүргізуші көлікті мас күйінде басқарған

20.10.2025, 12:00 164 Ержан Әбіш

Елімізде жолаушылар тасымалы саласындағы заң бұзушылықтарды анықтау және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында кең ауқымды «Тасымалдаушы» республикалық акциясы өтті. Шараны Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті мен Әкімшілік полиция комитеті бірігіп, Бас көлік прокуратурасының үйлестіруімен ұйымдастырды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Негізгі мақсат – жолаушылардың өмірі мен денсаулығын қорғау, сондай-ақ жол-көлік оқиғаларының алдын алу.

Акция барысында еліміздің барлық өңірінде жолаушылар мен жүктерді тасымалдау саласына қатысты мыңдаған көлік құралдары тексерілді.
Нәтижесінде 13,6 мыңнан астам құқық бұзушылық дерегі тіркелген. Оның ішінде 1 167 жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін бұзу фактісі, 394 жолаушылар мен жүкті заңсыз тасымалдау (көбіне жеке такси жүргізушілері арасында) дерегі, 1 962 техникалық байқаудан өтпеген немесе техникалық талаптарға сай келмейтін көлік анықталды.

Бақылаушылардың айтуынша, соңғы уақытта оң рульді көліктердің, әсіресе Toyota Alphard, Estima және осы тектес модельдердің қатысуымен болатын құқық бұзушылықтар жиілеген. Тексеріс кезінде 213 жүргізуші қарсы бағыттағы жолаққа шыққаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Сонымен қатар такси қызметінде еңбек және демалыс режимін бұзу жағдайлары жиі тіркелуде. Кей жүргізушілер бір тәулікте 5-6 рет жолға шығатыны, демалыссыз жұмыс істейтіні анықталған.

«Жүргізушінің шаршаған күйде көлік басқаруы – мас күйде жүргізумен бірдей қауіпті. Мұндай жағдайда жүргізушінің реакциясы төмендеп, жол-көлік оқиғаларының қаупі еселеп артады», – деп атап өтті Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің өкілдері.

Акция барысында тағы бір алаңдатарлық жайт – 268 жүргізуші көлікті мас күйінде басқарған, ал 2 506 жүргізуші жол үстінде ұялы телефон қолданғаны үшін хаттама толтырылды.

Мамандардың айтуынша, мұндай деректер жолаушылар қауіпсіздігін елемеудің әлі де өзекті мәселе екенін көрсетеді.

«Біздің басты міндетіміз – азаматтардың қауіпсіздігін сақтау. Әрбір тасымалдаушы өз жауапкершілігін түсінуі тиіс. Техникалық байқаудан өтпеген, шаршаған немесе ережені елемейтін жүргізушілер жолға шықпауы керек», – делінген комитеттің хабарламасында.

Жол қозғалысы мәдениетін арттыруға және көлік құралдарының техникалық жарамдылығын қамтамасыз етуге бағытталған бұл профилактикалық іс-шара алдағы уақытта да жалғасады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу