KZ
Өскемен
-4°
снег жел 6 м/с, Ю
517.66 606.49 6.44

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 54770 әскери бөлімінде жауынгерлік дайындық тексерілді

gov.kz

21.10.2025, 11:00 169 Ержан Әбіш

Еліміздің Қарулы Күштерінде оқу жылының маңызды кезеңдерінің бірі – жауынгерлік дайындықтың қорытынды тексерісі басталды. Бұл іс-шара Қазақстан Республикасының барлық әскери құрылымдарын қамтып отыр. Тексеріс Қарулы Күштердің барлық түрлері мен тектерінде, өңірлік қолбасшылықтарда, сондай-ақ әскери бөлімдер мен мекемелерде ұйымдастырылуда. Оның басты мақсаты – жеке құрамның жауынгерлік әзірлігін, бөлімдердің үйлесімділігін және қару-жарақ пен техника жағдайының деңгейін анықтау, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қорытынды сынақтар тактикалық, арнаулы, атыс, саптық, дене және жалпыәскери дайындықтың барлық бағыттарын қамтиды. Әскери қызметшілер бұл кезеңде әскери топография, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс пәндері бойынша өз білімдері мен практикалық машығын көрсетуде. Сонымен қатар, сарбаздар мен офицерлер жауынгерлік және автомобиль техникасын басқару бойынша нормативтерді орындап, арнайы жаттығулардан өтуде.

Бас штабтың кешенді комиссиялары тек жеке құрамның физикалық және кәсіби дайындығын ғана емес, сонымен қатар қару-жарақ пен әскери техниканың техникалық жай-күйін, әскери бөлімдердегі ұйымдастыру деңгейін, жауынгерлік дайындыққа жауапты лауазымды тұлғалардың жұмысының тиімділігін де бағалайды.

Мысалы, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 54770 әскери бөлімінде өткізілген тексеріс барысында әскери қызметшілер жоғары жауынгерлік дайындық дәрежесіне келтіру іс-қимылдарын пысықтап, атыс қаруынан практикалық оқ ату жаттығуларын орындады. Бұдан бөлек, жеке құрам атыс дайындығы бойынша нормативтерді сәтті тапсырып, өздерінің кәсіби шеберлігін дәлелдеді. Сонымен қатар, комиссия офицерлік және сержанттық құрамның әдістемелік дайындығын да тексерді.

– Кешенді тексеріс барысында біз жеке құрамның үйлесімділігін, ұйымдасқан жұмысын, олардың дене, атыс, тактикалық және кәсіби дайындық деңгейін бағалаймыз, – деді Бас штаб комиссиясының төрағасы, Бас штабтың жауынгерлік дайындық департаментінің бастығы, генерал-майор Анатолий Довганюк.

Жалпы тексеріс барысында Қарулы Күштердің барлық буындары – бөлім командирлерінен бастап, жас сарбаздарға дейін – өз шеберліктері мен әскери дағдыларын көрсетіп жатыр. Әскери қызметшілердің іс-қимылдары жауынгерлік жағдайда әрекет етуге барынша жақындатылған.

Тексеріс қорытындысы бойынша ел армиясының жауынгерлік әзірлігінің нақты деңгейі анықталып, оқу жылы ішінде атқарылған дайындық жұмыстарына толық баға беріледі. Бұл өз кезегінде алдағы кезеңге арналған жаңа оқу-жаттығу жоспарларын түзетуге және әскердің жауынгерлік қуатын арттыруға негіз болмақ.

Мұндай кешенді тексерістер – ел қорғанысын нығайтудың, тәртіп пен кәсібилікті жетілдірудің маңызды тетігі. Қазақстан Қарулы Күштері осындай жүйелі жұмыстардың арқасында аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде және ұлттық мүддені қорғауда жоғары деңгейдегі дайындық пен тұрақтылықты көрсетіп келеді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу