Өрлеу жолындағы өңір: Шемонаиханың экономикалық даму бағдары
Алтай сілемдеріне іргелес, Шығыстың теріскейінде тыныс тапқан Шемонаиха – ырыс пен еңбек өрнегі тоғысқан мекен. Мұнда ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік өркендеудің өзегіне айналып, өңірдің серпінді экономикасына қуат қосып келеді. «Шемонаиха ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы» есеп берген аудан әкімі Дидар Кеңесбаев ауданның тыныс-тіршілігі, өрісі мен өресі туралы баяндады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Дидар Кеңесбаевтың айтуынша, биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша Шемонаиха өңірі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен оң динамиканы сақтап отыр. Бұл – аймақ еңбеккерлерінің бірлігінің, жауапкершілігінің және жаңа бастамаларға деген сенімінің нәтижесі.
Қазір Шемонаиха экономикалық тұрғыда жаңғырудың жаңа кезеңінде. Бұрыннан қалыптасқан өндірістік база жаңартылып, өңдеу мен қайта өңдеу бағыттары дамып келеді. Жер қойнауындағы кен мен жер үстіндегі еңбек үйлесім тапқан мекен облыстың индустриялық өркендеуіне өз қолтаңбасын қалдыруда.
Аудан экономикалық қуатының деңгейі өнеркәсіп саласымен өлшенеді. Осы тұста өндіріс кәсіпорындары 133,1 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 114% өсімге қол жеткізді.
Негізгі үлес – еліміздің жетекші тау-кен компанияларының бірі «Шығыстүстімет» ЖШС құрамындағы Артемьев өндірістік кешеніне тиесілі. Бұл кәсіпорын 117% қарқынмен 98,3 миллиард теңге сомасында өнім шығарып, өңір экономикасының тірегіне айналып отыр.
Өңдеуші сала да айтарлықтай серпінге ие – үлесі 24%, жалпы өнім көлемі 31,2 миллиард теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш соңғы үш жылда тұрақты өсіп келеді. Мұндай нәтижеге «Востоксельхозпродукт», «Шемонаиха ұн тарту-құрама жем комбинаты», «Триумф» және «Ютекс» сияқты кәсіпорындар үлес қосуда.
Инвестиция – тек табыс көзі емес, болашаққа бағытталған серіктестік мүмкіндігі.
Экономикаға тартылған инвестиция көлемі 29,4 миллиард теңгеге жетіп, 124% өсім көрсетті. Инвестициялардың 70 пайыздан астамы өнеркәсіп саласына тиесілі, ал 11 және 8 пайызы – ауыл шаруашылығы мен көлік салаларын сәйкесінше дамытуға бағытталған.
Құрылыс саласында да өсім байқалады. Құрылыс-монтаж жұмыстарының көлемі 24,5 миллиард теңге, қарқыны 123%. Бұл жаңа нысандардың пайда болуы мен халықтың тұрмыс сапасының жақсаруына жол ашып отыр.
Ауданның берекелі даласы мен еңбекқор халқы ауданның ауыл шаруашылығын басты тірек саласына айналдырған. Егін алқаптарында алтын дән толқып, мал қораларында төл өсіп, сүт пен ет өндірісі тұрақты дамып келеді. Соңғы жылдары заманауи техника мен цифрлық агротехнологиялар енгізіліп, фермерлік шаруашылықтар жаңа белеске көтерілді. Әрбір шаруа жерге жан бітіріп, туған өлкенің ырысын еселеуде.
Мал азығы қоры толық дайындалған: шөп – 43,6 мың тонна (120%), пішендеме – 41,4 мың тонна (100%), сабан – 12,3 мың тонна (100%), сүрлем – 98,8 мың тонна (150%).
Жыл басынан бері «Кең дала», «Кең дала-2», «Агробизнес» және «Іскер» бағдарламалары бойынша «ШемАгроКредит» кредиттік серіктестігі арқылы егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін айналым қаражатына 888 млн теңгеге 12 шаруашылық өтінімі қаржыландырылды.
«Солтүстік Қазақстан облысының агроөнеркәсіптік кешен саласындағы тәжірибесін Шығыс Қазақстан облысының аумағында тираждау» бағдарламасын іске асыру аясында «Сугатовское» шаруашылығы «1000 басқа арналған сүт-тауар фермасын салу және кеңейту» инвестициялық жобасын іске асыруға бастамашы болды. Жоба қазіргі таңда қажетті келісімдер мен сараптамалардан өтуде.
Осылайша, ауданның еңбекқор тұрғындары өз ісін дөңгелетіп, өңір экономикасына серпін беріп отыр. Кәсіптің сан түрі дамуда, наубайханалар мен тігін шеберханалары, сервис орталықтары мен жылыжай шаруашылықтары елге қызмет етіп, жаңа жұмыс орындарын ашуда. Мемлекеттік қолдау бағдарламалары мен жеңілдетілген несие тетіктері де кәсіпкерлерге тың мүмкіндік берді.
Ауданда 2200 жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілері бар, онда 6 700-ге жуық адам жұмыспен қамтылған.
Жыл басынан шағын кәсіпкерлік саласында 45 млрд теңгеден астам сомаға тауарлар өндіріліп, қызмет түрлері көрсетілді. Нәтижесінде 3,4 млрд теңге салық төлемдері түсті.
Кәсіпкерлікті дамытудың бірыңғай кешенді бағдарламасы бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау бойынша 2 жоба мақұлданды:
- 100,0 млн теңге сомасына «Шемонаиха ұн тарту-құрама жем комбинаты» ЖШС;
- 500,0 млн теңге сомасына «Гуманитарлық-техникалық колледж» ЖШС.
Атап айтқанда, жол бойындағы инфрақұрылым объектілерінде қоғамдық тамақтандыру қызметін ұсынатын «Содружество УБА» ӘКК және ұсақ мал өсірумен айналысатын «Боровский» жеке кәсіпкерлік жобаларының құжаттары «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының қарауында.
Ал «Шем-Достық» ӘКК – спорттық-сауықтыру кешені бойынша кепілмен қамтамасыз етуді рәсімдеу жүргізілуде.
Республикалық бюджеттен қаражатынан бұл жобалар ағымдағы жылы қаржыландырылады деп күтілуде.
Соңғы жылдары Шемонаиха ауданы тың серпінмен дамып келеді. Өңірдің өндірістік әлеуеті артып, жаңа кәсіпорындар бой көтерді. Шағын және орта бизнес өрісін кеңейтіп, ауыл шаруашылығы қайта өңдеу саласымен ұштасып, тұтас экономикалық жүйеге айналуда. Инвестиция тарту, жұмыс орындарын ашу және инфрақұрылымды жаңғырту бағытында нақты әрі нәтижелі қадамдар жасалуда.
Айдос Мырзахметов
Фото: Руслан Акматалиев



