KZ
Өскемен
-18°
небольшой снег жел 5 м/с, СБ
517.66 606.49 6.44

«Береке Fest»: Шығыс Қазақстан тұрғындары отандық өнімге сұранысты арттырды

21.10.2025, 20:30 245 Базарова Айгүл

Республика күніне орай өтіп жатқан «Береке Fest» акциясы елдегі отандық өндірушілердің өнімдеріне сұранысты айтарлықтай өсірді. Сауда және интеграция министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылған бұл жоба бүгінде отандық кәсіпкерлерге кең нарық ашып, қазақстандық брендтердің беделін арттыруға серпін беріп отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі министрлік баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сатып алу белсенділігі бойынша Шығыс Қазақстан облысы көш бастап тұр. Өңір тұрғындары акция аясында ұсынылған жеңілдіктерді белсенді пайдаланып, тұрмыстық техника, балалар тағамы, спорттық тауарлар мен бау-бақша құралдарына ерекше қызығушылық танытқан.

Министрлік дерегінше, акцияға еліміздің 80-нен астам ірі сауда желілері мен онлайн платформалар қатысып жатыр. Олардың қатарында қазақстандық кәсіпкерлердің өнімдерін ілгерілетіп отырған ірі маркетплейстер де бар. Мысалы, онлайн сауда алаңдарының бірі акция басталғаннан бері қазақстандықтардың онлайн сатып алу белсенділігі 5%-ға артқанын, ал 8,5 мыңнан астам отандық кәсіпкер өз өнімдерін 10%-дан 90%-ға дейін жеңілдікпен ұсынғанын хабарлады.

Сарапшылардың пікірінше, «Береке Fest» отандық бизнес пен тұтынушы арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, өңірлерде шағын және орта кәсіп иелерін қолдаудың жаңа мүмкіндігін ашып отыр.

Айта кетсек, жоба қыркүйек айының соңында басталып, қазан айының соңына дейін жалғасады. Акция барысында сатып алушылар қазақстандық өнімдерді тиімді бағада алып, ел кәсіпкерлерінің дамуына өз үлесін қосуға мүмкіндік алады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу