KZ
Өскемен
-9°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, ОШ
509.94 593.88 6.43

Қазақстанның ұны АҚШ нарығына жол тартты

21.09.2025, 09:00 214 Төлеуғазы Жансая

Отандық ұн алғаш рет АҚШ нарығына экспортталды. Алғашқы 50 тонна бидай ұны Нью-Йорк қаласына жеткізіліп, Eurasian Legacy брендімен Amazon және Walmart онлайн платформаларында сатыла бастады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.
Бұл — ұлттық тауарларды шетелде ілгерілетуге арналған жаңа стратегия аясында жүзеге асқан алғашқы ірі жоба. QazTrade қолдауымен алдағы уақытта жеткізілім көлемін ай сайын 100 тоннадан асыру жоспарланып отыр.
Amazon сайтында 1,36 келілік қаптамадағы қазақстандық ұнның бағасы $14,50 деп белгіленген. Қаптамадағы «Product of Kazakhstan» белгісі отандық өнімнің экологиялық таза әрі сапалы екенін көрсетіп, еліміздің имиджін арттыруға ықпал етеді.
Онлайн саудамен қатар, ұнды АҚШ-тағы мейрамханалар мен кофеханаларға жеткізу туралы келіссөздер жүргізілуде. Сонымен бірге, қазақстандық өнімді Costco, Whole Foods және Trader Joe’s сияқты ірі дүкендер желісіне шығару мәселесі қарастырылып жатыр.
QazTrade бас директоры Айтмұхаммед Алдажаровтың айтуынша, ұннан бөлек, қарақұмық, гранола, талқан, шоколад пен какао өнімдерін де таныстыру жоспарланған. Бұл АҚШ-тың табиғи және сертификатталған өнімдер нарығында Қазақстанның өз орнын алуына мүмкіндік береді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу