KZ
Өскемен
-25°
плотный туман Штиль
501.02 597.27 6.59

Төмендетілген бағадағы тұрақтандыру қорының көкөністері 1-қарашадан саудаланады – ШҚО

22.10.2025, 10:45 199 Базарова Айгүл

Бағаның шарықтауы – әр отбасының көңіліне алаң ұялататын мәселе. Әсіресе күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасы көтерілсе, бұл тікелей тұрмыс сапасына әсер етеді. Осындай жағдайда мемлекет өз азаматтарын қорғаудың нақты тетігін қалыптастырды — әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бағдарламасы. Бұл бастама — баға саясатын реттеп, нарықтағы тепе-теңдікті сақтауға бағытталған маңызды әлеуметтік-экономикалық құрал, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бағдарлама алғаш рет елде азық-түлік бағасының күрт өсуіне тосқауыл болу үшін, кей өңірлерде тапшылық байқалғанда ол үрдістің алдын алуды көздей қолға алынған бастама болатын. Сол уақыттан бері жүйе жетілдіріліп, бүгінде нақты нәтижесін көрсетіп отыр. Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі өнімнің тізімі бекітілген.

Бағаны тұрақтандырудың түпкі мәні — нарыққа қысым көрсету емес. Мемлекет бұл бағдарлама арқылы нарықтық тепе-теңдікті сақтау мен бағаның негізсіз шарықтауына тосқауыл қоюды көздейді. Егер сұраныс пен ұсыныс заңдылығы бұзылмаса, мемлекет араласпайды. Ал маусымдық тапшылық немесе алыпсатарлық жағдай туындаса — тұрақтандыру қорлары іске қосылады.

Қазақстан — еркін бәсекеге негізделген ел. Бұл – бір жағынан әлеуметтік әділеттілік, екінші жағынан нарық заңдылығын сақтау.

Қазір Сауда және интеграция министрлігі мен өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар осы бағытта жүйелі жұмыс атқарып келеді. 2025 жылы ел бойынша азық-түлік инфляциясы шамамен 11 пайызды құраса, әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсімі 8–9 пайыз шегінде тұрақтап отыр. Үкімет тұрақтандыру қорларына қосымша қаржы бөліп, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін жиілету арқылы бағаның шамадан тыс өсуін тежеуді көздеп отыр. Биылдың өзінде ел көлемінде 1500-ге жуық ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылмақ.

Шығыс Қазақстан облысында бұл бағыттағы жұмыстарды «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жүзеге асырып келеді. Корпорацияның баспасөз қызметінің мәліметі бойынша тұрақтандырылған бағамен сатылатын өнімдерді тұрғындар ӘКК сауда павильондарынан және серіктес дүкендерден сатып ала алады.

Бағдарлама шеңберінде облыста картоп, сәбіз, қырыққабат пен пияздың күзгі-қысқы маусымға қоры жасақталған. Бұл өнімдер көлемі өңір халқының үш айлық қажеттілігінің жартысына жуық мөлшерде қарастырылуы шарт. Сонымен қатар корпорация арқылы күріш, қарақұмық, макарон, қант және өсімдік майының бағасы тұрақты деңгейде ұсталып отыр.

Биыл облыс әкімдігі жанындағы комиссия шешімімен тұрақтандыру бағдарламасы аясында 6 080 тонна картоп, 1 398 тонна сәбіз, 1 459 тонна қырыққабат және 973 тонна пияз сатылымға шығарылмақ. Баға деңгейі бекітілген ережелерге сай – облыстық статистика органдары тіркеген орташа нарықтық бағадан кемінде 10 пайызға төмен болуы тиіс.

«Баға тұрақтандыру – қысқамерзімді шара емес, бұл тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған ұзақмерзімді әлеуметтік жауапкершілік», – деп атап өтті «Ертіс» ӘКК баспасөз қызметі.

Қазіргі таңда Өскемен қаласында 15 сауда павильоны және 10-нан астам серіктес дүкендер тұрақтандырылған өнімдерді бекітілген тұрақты бағамен сатады. Павильондар саны жыл сайын артып келеді. Бұл — мемлекет пен бизнестің серіктестігі нығайып келе жатқанының айғағы.

«Неліктен барлық өнім тұрақтандырылмайды?» деген көпшіліктің көкейінде осындай сұрақтың туындауы заңды. Бірақ бұл — жүйенің әлсіздігі емес, оның нарықтық заңдылыққа бейімделген сипаты. Мемлекет барлық салаға бірдей араласпайды. Егер нарықта баға қолжетімді және тұрақты болса, онда араласудың қажеті шамалы. Керісінше, жергілікті кәсіпкерлер мен шаруалар, өнім өндірушілер бәсекелі нарықта өз өнімін сату құқығын жүзеге асыра алғаны жөн. Мемлекет өз қолымен бәсекелестікті “тұншықтырмауы” керек. 

Осы тұрғыдан алғанда, Шығыс Қазақстанда 19 атаулы әлеуметтік маңызы бар өнімнің 11 түрінің бағасы мемлекеттік бағдарлама арқылы тұрақтандырылып отырғаны — айтарлықтай нәтиже. Бұл – әлеуметтік тұрақтылықтың көрсеткіші.

Жалпы, баға тұрақтандыру бағдарламасы — әлеуметтік әділдік пен мемлекеттің қамқор саясатының көрінісі екені рас. Ол нарықтағы тепе-теңдікті сақтап қана қоймай, халықтың күнделікті тұтынатын азық-түлігін қолжетімді етіп отыр.

Айта кету керек, баға тұрақтандыру бағдарламасы аясындағы әлеуметтік маңызды көкөністер сатылымы 1-қарашадан басталады. Ал бакалея санатындағы тауарлар жыл бойы сатылымда. Уақтылы ақпарат (павильондар мекен-жайы, тауарлар бағасы, негізгі құжаттамалар) «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының spkertis.kz ресми сайтында «Бағата тұрақтандыру» бөлімінде орналастырылған.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу