KZ
Өскемен
-13°
пасмурно жел 4 м/с, В
513.55 602.09 6.42

Шемонаиха халқы 100 пайыз сапалы ауызсумен қамтылмақ

depositphotos.com

22.10.2025, 12:30 157 Базарова Айгүл

Шемонаиха ауданында ауыз сумен қамту мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келеді. 2025 жылдың соңына дейін аудан халқының 100 пайызы сапалы ауыз сумен қамтылуы жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта су құбыры желілерін жаңарту және жаңа нысандар салу жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Аудан әкімі Дидар Кеңесбаевтың айтуынша, бұл — көпжылдық еңбектің нәтижесі әрі тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам.

— Биыл халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 100%-ға жетеді, — дейді аудан басшысы. — Березовка және Большая Речка ауылдарында сумен жабдықтау объектілерін салу жобалары аяқталуға жақын. Сондай-ақ Шемонаиха қаласында 11 және 12-шағын аудандарда су құбыры желілерін реконструкциялау және айдау сорғы станциясын салу жұмыстары жүргізілуде.

Қазіргі уақытта авариялық жағдайларды азайту және үздіксіз сумен жабдықтау жүйесін жетілдіру бағытында ауқымды жобалар іске асырылып жатыр. Атап айтқанда, Первомайский кентінде ұзындығы 1620 метрлік құбыр жаңартылып, Барашки ауылында 1875 метрлік жаңа су желісі тартылды. Бұл — тек техникалық жаңарту емес, тұрғындардың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін әлеуметтік маңызы зор инвестиция.

Таза ауыз су тек денсаулық кепілі ғана емес, ауылдың тұрақты дамуының да негізі. Осы мақсатта Шемонаиха қаласында 12 өрт гидранты мен 7 ысырма орнатылып, коммуналдық желілер жаңартылды. Бұл жүйелердің сапасы төтенше жағдайлардың алдын алуға да ықпал етеді.

Сумен бірге жылумен қамту инфрақұрылымы да назардан тыс қалған жоқ. Қала тұрғындары үшін тиімді әрі үздіксіз жылыту жүйесін қалыптастыру бағытында жаңа жобалар қолға алынды.

Жол мен жарық, жылыту мен көгалдандыру — тұрмыс сапасын арттырудың кешенді жолы

Шемонаихада жол жөндеу жұмыстары да қарқын алған. Шемонаиха–Сугатовка бағытындағы автожолдың 10,8 шақырымына орташа жөндеу жүргізілді. Бірқатар ауылдар мен кенттердің көшелері асфальтталып, тротуарлар салынды, көпір жөнделді, жаңа балалар алаңдары орнатылды.

Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында елді мекендерде сенбіліктер ұйымдастырылып, 11 200 көшет отырғызылды. Бұл өңірдің экологиялық тепе-теңдігін сақтап, жасыл желекті көбейтуге бағытталған маңызды жұмыс.

Қауіпсіздік пен қамқорлық — басты назарда

Өрт қаупі бар маусым басталысымен аудан аумағында 7 өрт сөндіру бекеті құрылып, ерікті өрт сөндіру құрылымдары жұмыс істеуде. «Камышенское», «Сугатовское» және «Хамзин и К» шаруашылық серіктестіктері бұл іске белсенді қатысып отыр.

Орман алқаптарының жалпы ауданы 108 мың гектардан асатын аймақта өрттің алдын алу шаралары күшейтілді. Елді мекен маңайы құрғақ шөп пен қоқыстан тазартылып, өрттің таралу қаупін азайту үшін жер жырту жұмыстары жүргізілді.

Білім мен мәдениет – рухани тірек

Аудандағы 23 мектепте 4939 оқушы білім алуда. Биыл 402 бала бірінші сыныпқа барды. Оқулықтар толық таратылып, 9 жаңа пән кабинеті сатып алынды.

Білім беру ұйымдарын жөндеуге 101,6 миллион теңге бөлініп, 12 мектеп пен балабақшада жөндеу жұмыстары аяқталды.

Мәдениет саласында да Шемонаиха шығармашылық әлеуетімен танылып келеді. «Юность», «FREEZELIGHT», «Гакку», «Купавушка» сияқты ұжымдар республикалық және халықаралық деңгейде табысқа жетіп жүр.

Жастар мен спорт – ертеңнің қуатты күші

Ауданда спорттық инфрақұрылым да қарқынды дамуда. Бүгінде 1000 тұрғынға шаққанда спорттық қамту деңгейі 36,3%. Ауылдарда спорт алаңдары мен секциялар ашылып, жастар арасында салауатты өмір салты кеңінен насихатталуда.

Жастар саясаты саласында да белсенділік жоғары. «Жасыл Ел» жобасы аясында жазда 98 жас жұмыспен қамтылды. Ал «Тәлімгерліктің шеберлік мектебі» мен «Жастар саясаты мектебі» сияқты лагерьлер жас буынның көшбасшылық қасиетін дамытып, елге деген сүйіспеншілігін арттырып келеді.

Туризм – табиғат пен өмірдің үндестігі

Шемонаиха — тек өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы емес, туризм әлеуеті зор өңір. Уба өзені мен Марья жартасы маңындағы туристік бағыттарда жаяу және су жорықтары, экологиялық «Plogging Seasons» акциялары ұйымдастырылды. Бұл бастама табиғатты қорғаумен қатар, жастардың белсенді өмір салтын ұстануына жол ашты.

Сонымен бірге аудан «Autumn Challenge by RFC» толық жетекті автомобильдер фестивалін өткізіп, шытырман оқиғалы туризмнің жаңа бағытын қалыптастырды.

Бүгінгі Шемонаиха — тіршіліктің нәрі саналатын таза суымен, жаңарған инфрақұрылымымен, өркендеп келе жатқан мәдениеті мен спорт саласымен, табиғатқа сүйіспеншілікті дәріптейтін экотуризмімен заманауи дамудың жарқын үлгісін көрсетіп отыр.

Бұл табыстардың барлығы – елдің игілігі жолында орасан зор еңбек етіп жүрген шемонаихалықтардың бірлігінің нәтижесі.


Айдос Мырзахметов 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу