Қазақстанда астықтың рекордтық түсімі күтілуде – Ауыл шаруашылығы министрлігі
depositphotos.com
Қазақстанда биылғы жылы астық түсімі соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі болмақ. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Вице-министрдің айтуынша, егін жинау науқанының негізгі бөлігі аяқталуға жақын. Қазіргі таңда егіс алқаптарының 98,4 пайызы жиналып, 26,4 миллион тонна астық бастырылған, орташа өнімділік — гектарына 16,8 центнер.
Оның мәліметінше, 20 миллион тоннадан астамы — бидай, ол 12 миллион гектар алқаптан жиналған. Жалпы биыл егін жинау көлемі 23,6 миллион гектарды құрады, оның ішінде 16 миллион гектардан астамы дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар.
Сондай-ақ 4,2 миллион тонна арпа мен сұлы жиналып, егіс көлемінің 99 пайызы игерілген.
Жүгері егістігінің 72,8 пайызы, яғни 127 мың гектары жиналып, 830 мың тонна өнім алынған.
Вице-министрдің айтуынша, ауыл шаруашылығы саласында 139 мың трактор, 31 мың астық жинайтын комбайн, 17 мың жатка және 130 мыңнан астам өзге техника үздіксіз жұмыс істеуде.
Айта кету керек, биыл егістік құрылымын әртараптандыру аясында дәнді-бұршақты және майлы дақылдарға ерекше көңіл бөлінген.