Астық түсімі былтырғыдан аздау - ШҚО
Фото: egemen.kz
Жедел деректер бойынша 14 қарашада облыста 286,9 мың гектар (98,8%) алқаптан дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жиналып, астықтың орташа өнімділігі гектарынан 14,4 центнер болды.
Жаздағы құрғақшылық пен күзгі жауын-шашынның салдарынан биыл егін түсімі былтырғыдан 25-30 пайызға аздау. 2022 жылы орташа өнімділік гектарынан 18,6 центнерден айналған, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Қазірге дейін орылған астықтың 312 мың тоннасы бастырылған. Ағымдағы жылы облыс бойынша жалпы егін алқабы 639,8 мың гектар болса, оның 290,3 мың гектары (45%) дәнді және бұршақты дақылдар, 210,9 мың гектары (33%) майлы дақылдар, оның ішінде 197,2 мың гектары (31%) күнбағыс.
Майлы дақылдардың 205 мың гектары жиналып, орташа өнімділігі гектарынан 18,2 центнерден айналып отыр. Майлы дақылдарды ору науқаны да мәреге жетіп қалды, екі-үш күнде аяқталмақ. Бүгінгі күнге дейін 373,6 мың тонна тұқым бастырылған.
Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рамиль Сағандықовтың айтқанындай, егін жинау жұмыстарын жүргізуге облысқа 8,5 мың тонна жеңілдікті дизель отыны бөлініп, бүгінгі күні бөлінген жанар-жағармай толық игерілген. Облыс бойынша жеңілдікті дизель отынының 1 литрі – 250 теңге.
Дәнді және майлы дақылдарды кептіру үшін Шығыс Қазақстан облысына 7 мың тонна дизель отыны, оның ішінде қазан айына 4 мың тонна, қарашаға 3 мың тонна бөлінген. Қазан айына бөлінген 4 мың тонна дизель отыны толық сатып алынып, шаруашылықтарға жөнелтілген. Қазір операторлар қараша айына шарт жасасып жатыр.
Автор: Жанаргүл Мұқатай