Қазақстанда 14,8 млн тонна астық жиналды
pixabay.com
Елімізде егін жинау науқаны жүріп жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың болжамды жинау көлемі 16 млн гектардан асады. Бүгінгі күнге дейін 9,8 млн гектар жер немесе жалпы егіс алқаптарының 61,1%-ы жиналып, 14,8 млн тонна астық бастырылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Дәнді дақылдардан бөлек, шаруалар басқа өнім түрлерін де жинауда. Қазіргі таңда 656,1 мың тонна майлы дақыл жиналған. Сонымен қатар гектарына 227,4 центнер өнімділікпен 1,8 млн тонна картоп, гектарына 297,9 центнер өнімділікпен 2,8 млн тонна көкөніс алынған.
Нақтырақ айтқанда, 323,9 ц/га өнімділікпен 404 мың тоннадан астам қырыққабат, 412,5 ц/га өнімділікпен 717,3 мың тонна пияз және 290,4 ц/га өнімділікпен 282,8 мың тонна сәбіз жиналды.
Ауыл шаруашылығы мамандарының айтуынша, егін жинау жұмыстары ұйымдасқан түрде және агротехникалық талаптарға сәйкес жүргізілуде.