KZ
Өскемен
-20°
плотный туман Штиль
504.6 594.27 6.48

Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы дипломатиялық қатынастар орнағанына 33 жыл

22.10.2025, 19:00 206 Базарова Айгүл

Бүгін – Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы дипломатиялық қатынастар орнағанына 33 жыл толған күн. Бұл – бір кезеңде ортақ тарих пен тағдырды бөліскен, рухани және мәдени құндылықтар үндес екі ел үшін маңызды белес. Қазақ пен орыс халқы одақтас елдер құрамында талай сыннан бірге өтіп, ортақ жетістіктерге жетті. Бүгінде екі ел арасындағы стратегиялық әріптестік өзара сенім мен құрметтің негізінде берік іргесін қалады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Қос мемлекеттің басшылары жыл сайын тұрақты түрде кездесіп, телефон арқылы да жиі пікір алмасады. Мұндай жоғары деңгейдегі байланыс аймақтық және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша ортақ ұстанымдарды үйлестіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ екі елдің сыртқы істер министрліктері тұрақты байланыста жұмыс істеп келеді.

2024 жылғы қазан айында Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің Астанаға жасаған мемлекеттік сапары екіжақты ынтымақтастық деңгейін көтерген маңызды құжаттар топтамасымен нәтижеленді.

Ресей – Қазақстанның ірі сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі. 2023 жылы екіжақты тауар айналымы 28 млрд АҚШ долларынан асып, рекордтық деңгейге жетті. 2024 жылы бұл көрсеткіш 27,8 млрд долларды құрады, жоғары қарқын сақталды. 

Бүгінде 23 мыңнан астам бірлескен кәсіпорын екі мемлекеттің экономикасына серпін беруде. Ресейдің ел экономикасына салған инвестиция көлемі 10 млрд доллардан асты. Қазақстан мен Ресейдің қатысуымен 60-тан астам ірі жоба жүзеге асырылуда – олардың қатарында өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік және басқа да негізгі салалар бар.

Мұнай-газ саласындағы әріптестік те қарқынды дамуда. Қазақстан аумағында «Газпром», «Газпромнефть», «Татнефть», «Лукойл» секілді ірі ресейлік корпорациялар табысты жұмыс істеп келеді. Екі елдің компаниялары көмірсутек кен орындарын бірлесе игеріп, энергия ресурстарын өңдеу және құбыр жүйесін кеңейту бойынша жобаларды жүзеге асыруда.

Қазақстан мен Ресей посткеңестік кеңістіктегі интеграциялық үдерістердің бастауында тұрды. Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуына негіз болған бастамаларды бірге көтерді. Сондай-ақ ТМД, ҰҚШҰ және ШЫҰ алаңдарында өзара тиімді ынтымақтастық орнатты. Астана Ресейдің Еуразияда іргесі бұзылмас, тең деңгейдегі қауіпсіздік жүйесін құру жөніндегі бастамасын қолдайды.

Ресей Президенті Владимир Путиннің 2024 жылғы 27 қарашада «Казахстанская правда» газетінде жарияланған «Ресей – Қазақстан: өмірдің өзі қажет еткен және болашаққа бағытталған одақ» атты мақаласынан:

«Ресей мен Қазақстан ынтымақтастығы шын мәнінде одақтастық сипатқа ие және барлық бағыт бойынша белсенді дамып келеді. Ресей Қазақстан Республикасымен көпқырлы, достық және одақтастық қатынастарды одан әрі нығайтуға дайын».


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу