KZ
Өскемен
-6°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

Шығысқа Ресей газы келе жатыр...

Бүгін, 09:30 36 Гульжан Мусина

Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы ежелден шекаралас, қазақша айтқанда жаны аралас, малы қоралас көрші мемлекеттер. Сондықтан да болар, әсіресе тәуелсіздік алған сонау 1991 жылдардан бері қос мемлекеттің қай салада болмасын ұстанған ұстанымдары да, болашаққа жасалатын жоспарлары мен ел қауіпсіздігі жайы да бағыттас, қанаттас болып жатады. Сондықтан да болар, қос мемлекеттің басшылары бір-бірімен ресми-бейресми түрде жиі-жиі жүздесіп, ауық-ауық телефон арқылы болсын көптеген мемлекеттік маңызы бар дүниелерді екі жақтап ақылдаса отырып, жүзеге асырып келеді, деп хабаралайды Altainews.kz тілшісі.

2024 жылдың 27 қарашасы екі мемлекеттің де күнтізбесінде тарихи күн боп тіркелері анық. Себебі осы күні Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы шақыруымен Қазақстанға ресми сапармен келді.

Бұл жөнінде екі елдің де БАҚ-тары жазудай-ақ жазып, көрсетудей-ақ көрсетті. Иә, Ресей президентінің іргесіндегі қазақ еліне жәй әншейін қыдырыстап келмегені айдан анық. Бұл жолы да екі мемлекеттің болашағымен байланысты мемлекет қауіпсіздігіне қатысты саяси-стратегиялық жобалар, экономикалық келісімдер, тарихи, мәдениет байланыстар т.б. маңызды-маңызды мәселелердің жоспарланып, шешім табары сөзсіз. Б9л сапар барысындағы кездесулерде қос мемлекет басшыларының қандай тақырыптарды қаузағандықтарын баспасөз жаңалықтары жарыса жазды. Осыған орай Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейде шығатын «Известия» газетіне көлемді мақаласы жарияланды.

Қасым-Жомарт Кемелұлы осы жазбасын: - Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы – берік әрі мызғымас достықтың шынайы көрінісі. Екі елдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастығы тығыз астасып жатқан тарихи және мәдени байланыстарға, сондай-ақ, қос халықтың болашағына қатысты ортақ жауапкершілікке негізделген, – деп бастаған екен.

Әрмен қарай мақалада, көршілес екі мемлекеттің арасындағы бұрын-соңды болмаған жаһандық сын-қатерлерге қарамастан, екі елдің тату-тәтті көршілік пен сан-салалы ынтымақтастықтың үлгісін көрсетіп келе жатқандығы, бұл ынтымақтастыққа ортақ мүдде, өзара сыйластық, ең жоғары деңгейдегі сындарлы саяси диалог арқау болып отырғандығы айтылған. 

Біздің мақсатымыз Мемлекет басшысының «Известия» газетінде жарияланған мақаласын толықтай көшіріп басу немесе талқыға салып талдау емес. Тек, осы мақалада айтылған қайсыбір жүзеге асырылып жатқан және асырылуы тиіс маңызды жобалардың Шығыс Қазақстан өңіріне де қатысты жерлерінің астын сызып көрсету.     

- Ресей Президенті Владимир Путин  екеуміз үнемі хабарласып отырамыз. Мұндай тығыз байланыс туындаған мәселелерді жедел шешуге және мемлекеттеріміздің арасындағы шынайы достық қатынасты нығайта түсуге мүмкіндік береді. Қазақстан мен Ресейдің сауда-экономика саласындағы ықпалдастығы тұрақты түрде дамып келеді. Бұған екі елдің үкіметі мен бизнес өкілдерінің күш-жігерін жұмылдыру арқылы қол жеткіздік.   

Қазақстан мен Ресей энергетика, өнеркәсіп, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы және басқа да көптеген салада бірлесіп, ауқымды жұмыс жүргізіп келеді. Осыған дейін жалпы құны 18 миллиард доллардан асатын 90-нан астам жоба іске қосылды. Қазір де болашағы зор 49 жоба жүзеге асырылып жатыр.

Осы маңызды жобалардың ішінен Қазақстанда 3 жылу электр орталығының құрылысы басталғанын және Екібастұз ГРЭС-ін жаңғырту жұмыстарын атап өтуге болады. Бұл қатарда еліміздің бірқатар аймағын газбен қамтамасыз етуге, сондай-ақ, оңтүстік және шығыс бағытқа тасымалданатын Ресей энергетика ресурстарының көлемін арттыруға қатысты ауқымды бастамалар да бар, – дейді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Бұл жайында: - Мәжіліс депутаттары Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында көмір жылу электр орталықтарын салу жобалары туралы Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы келісімді ратификациялау мәселелері жөніндегі заң жобасын қарауға қабылдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, қаралып жатқан келісім Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында көмір жылу электр орталықтарын салу жобаларын жүзеге асыру бойынша Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы ынтымақтастықты көздейді.

- Келісім жобалау, жабдықтарды дайындау, жеткізу, жылу электр орталықтарын салу және пайдалануға беру бойынша жұмыстарды орындау, сондай-ақ, Қазақстан тарапына ресейлік мемлекеттік жеңілдетілген несие беру механизмін қамтамасыз етуді көздейді, - деді Жаңбыршин Мәжілістің пленарлық отырысында.

Естеріңізде болса, былтыр қарашада премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Қазақстанда Ресейдің қатысуымен үш ЖЭО жобасын жүзеге асыру жоспарланғанын мәлімдеген болатын.

Жоғарыда айтылған екі мемлекет арасындағы келісім-жобалар жүзеге асатын болса, болашақта Шығыс өңірінде көмір жылу электр орталығы салынып, игілігін бүкіл аймақ тұрғындары көретіндігіне күмән жоқ.

Шығысқазақстандықтарды алдағы уақыттарда ресейден келетін газ көлемінің ұлғая түсетіндігі, сондай-ақ, ресей энергетикалық ресурстарының еліміздің оңтүстік және шығыс аймақтарын қамтитындығы қуантып отыр.

Ең бастысы – Көрші мемлекеттер достығына сызат түспесін! - деп тілейік.

                                                                             Серік Құсанбаев

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу