KZ
Өскемен
-25°
плотный туман жел 1 м/с, С
514.31 603.03 6.4

Қазақстанда 23 мыңнан астам адам психологиялық көмек алды

23.10.2025, 14:00 171 Базарова Айгүл

Елімізде психологиялық қолдау жүйесі кеңейіп келеді. 2025 жылдың 9 айының қорытындысы  бойынша өңірлерде жұмыс істейтін Психологиялық қолдау орталықтары 23 мыңнан астам азаматқа кәсіби көмек көрсеткен. Оның ішінде 14 мыңға жуық бала мен 9 мыңнан астам ата-ана жеке консультациялар алған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бүгінде еліміздің барлық өңірінде психологиялық қолдау орталықтары жұмыс атқаруда. Бұл орталықтар балалар мен ересектердің психологиялық саулығын қорғауға, зорлық-зомбылықтың және суицидтің алдын алуға бағытталған.

Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары психологиялық көмекке жүгінушілердің саны артқан. Бұл – қоғамның психологиялық мәдениетінің қалыптасып келе жатқанын және адамдардың көмек сұраудан қорықпайтынын көрсетеді.

Психологиялық қолдау орталықтарында жұмыс істейтін мамандар азаматтарға өмірлік қиын жағдайларда кәсіби кеңес береді, балалар мен ата-аналарға арналған жеке және топтық консультациялар өткізеді. Орталық қызметкерлері әрбір өтінішті мұқият қарастырып, құпиялылық пен қауіпсіздік қағидаттарын қатаң сақтайды.

Егер сіз зорлық-зомбылыққа, қатыгездікке тап болсаңыз немесе бала қауіпсіздігіне қатер төнгенін байқасаңыз, жақын жердегі Психологиялық қолдау орталығына жүгінуге болады. Мұнда білікті психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер тегін көмек көрсетеді.

Аталған орталықтардың қызметі Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттылығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023–2025 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында жүзеге асырылуда.

Сонымен қатар, аталған жоспар шеңберінде мектептер мен колледждерде психологиялық қызметтердің әлеуетін арттыру, ата-аналармен жұмыс жүргізу және онлайн-консультацияларды дамыту бағыттары іске асырылып жатыр.

Мамандардың пікірінше, мұндай жүйелі жұмыс балалар мен жасөспірімдердің психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қоғамда зорлық-зомбылыққа мүлде төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу