Соңғы үш жылда еліміздегі мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы екі есеге артты
gov.kz
Соңғы жылдары елімізде мәдениет саласын дамыту бағытында жүйелі өзгерістер жүзеге асып келеді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында өнер мен руханият өкілдерінің әлеуметтік жағдайы жақсарып, шығармашылық ұйымдардың мәртебесі артуда. Ең бастысы – соңғы үш жылда мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысы екі есе өсті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мәдениет саласын кешенді түрде қолдап, шығармашылық ұжымдардың әлеуетін арттыру, инфрақұрылымды жаңарту және мәдени мұраны сақтау бағытында ауқымды жұмыстар атқаруда. 2020 жылдан бері бірнеше республикалық ұйымдарға ерекше мәртебе беріліп, саланың беделін көтеру ісінде нақты нәтижелер байқалды.
Мәселен, 2020 жылы бес ірі республикалық мекемеге «Ұлттық» мәртебесі берілді. Ал 2023 жылы Ақтөбе және Түркістан облыстарындағы 34 өнер ұжымы «Халықтық» және «Үлгілі» атақтарына ие болды. 2024 жылы бұл тізімге Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі мен ҚР Орталық мемлекеттік музейі қосылып, екеуі де «Ұлттық» мәртебеге ие болды. Сонымен қатар Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» және Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы «Академиялық» атақпен марапатталды.
2023 жылы соңғы отыз жылда алғаш рет республикалық бюджеттен концерттік ұйымдар мен оқу орындарына 1 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп, жаңа музыкалық аспаптар сатып алынды. Бұл жас музыканттардың кәсіби шеберлігін шыңдауға, ұлттық музыка өнерінің дамуына серпін берген маңызды шешім болды.
Сонымен қатар, жас қазақстандық орындаушылар халықаралық сахналарда ел мерейін үстем етуде. Вокал, скрипка, дирижерлік және дәстүрлі аспаптар бойынша 65 өнерпаз беделді байқаулардың жеңімпазы атанып, ұлттық өнердің жаңа толқыны қалыптасып келеді.
Мәдени мұраны сақтау мен насихаттау – мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі. Осы мақсатта «Мәдениет туралы» заңға өзгерістер енгізіліп, музейлердің шетелдік көрмелерін мемлекеттік субсидиялау және мәдени құндылықтарды шетелге шығару тәртібі жетілдірілді.
2024 жылы ЮНЕСКО тізіміне ұсыну үшін «Жібек жолы: Ферғана – Сырдария дәлізі» мен «Маңғыстаудың жерасты мешіттері» бойынша номинациялық досьелер дайындалды. Ұлттық музейде ашылған Палеонтология залы мен Қолөнершілер орталығы келушілер арасында ерекше қызығушылық тудырды.
Тарихи нысандарды қайта жаңғырту бағытында да ауқымды жұмыс атқарылуда. 2023 жылы «Сарайшық» музейі жанынан жаңа визит-орталық ашылды. 2024 жылы Түркістан облысында Қожа Ахмет Ясауи мұрасын зерттеу орталығы құрылып, «Ордабасы» мен «Гаухар-Ана» орталықтарының құрылысы аяқталды.
Соңғы бес жылда театр саласы да елеулі жаңаруларға куә болды. 2020 жылдан бері елімізде үш жаңа театр бой көтерді: Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, Түркістан музыкалық драма театры, Солтүстік Қазақстан облысындағы Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры.
Сонымен қатар Құддұс Қожамияров атындағы ұйғыр музыкалық комедия театры мен Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры ғимараттары күрделі жөндеуден өтті. Қазір Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры мен Наталия Сац атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының реконструкциясы жүргізілуде.
Бұған қоса, ел тарихын зерттеудің жаңа орталығына айналатын «Бозоқ» археологиялық паркі құрылысы басталды.
Жалпы 2025 жылы республика бойынша 51 мәдени нысанның құрылысы және 250 нысанда жөндеу жұмыстары жоспарланып отыр.
Мәдениет қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын көтеру – министрліктің басты басымдықтарының бірі. 2022 жылдан бастап еңбекақы кезең-кезеңімен арттырылып, үш жыл ішінде екі есеге көбейді. Бұл мәдениет саласының беделін арттырып, шығармашылық мамандарды ынталандыруға мүмкіндік берді.
2023 жылы отыз жыл үзілістен кейін «Халық әртісі» құрметті атағы қайта тағайындалды. Сол жылы 8 мәдениет қайраткері осы атаққа ие болды. Биыл 75 өнер және әдебиет өкіліне мемлекеттік стипендия табысталды. Мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында ел Президенті үздік мамандарды мемлекеттік наградалармен марапаттады.
Мәдениет пен өнер – ұлттың рухани тірегі. Мемлекеттік саясаттың мәдениетке бет бұруы – елдің дамуына, азаматтардың шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Бүгінде елімізде мәдениет саласы жаңарып, заманауи келбетке ие бола бастады. Жалақының өсуі, жаңа нысандардың салынуы, ұлттық мұраның сақталуы – бұл бағыттағы нақты нәтижелердің көрінісі.