Республика күні – елдіктің, бірліктің бастауы
Ақорда
Еліміздің тарихында әр дәуірдің өз биігі, әр ұрпақтың өз сын сағаты болды. 1990 жылдың 25 қазаны – ел жадында мәңгілікке жазылған тағдырлы күн. Ғасырларларға ұласқан бодандық бұғауынан босап, азаттығын аңсаған елдің еңсесін тіктеген, рухын көтерген, болашаққа сенім ұялатқан тарихи белес. Республика күні – қазақ елінің өз тағдырын өзі шешуге, өз мемлекеттігін құруға жасаған батыл қадамының көрінісі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
«Мемлекеттік егемендік туралы декларация» — еліміздің Тәуелсіздік туралы Конституциялық Заңының бастауы болды. Құжатта Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігінің саяси, экономикалық және құқықтық негіздері айқындалды. Яғни, егемендіктің рухани төркіні, мемлекеттіліктің тамыры екенін паш етті. Республика күні – ұлттың еркіндігі мен өз болашағына деген сенімінің мызғымас белгісіне айналды.
Ұлт рухын көтерген ұлы күн
Еліміз үшін егемендік тек саяси мәртебе емес, рухани еркіндік. Ғасырлар бойғы күрестің, Алаш ардақтылары аңсаған мұраттың, халықтың үміті мен сенімінің тоғысқан тұсы. Бұл мереке арқылы біз азаттықтың қадірін ұғынып, тәуелсіз ойдың, бірліктің құнын сезінеміз.
Сол бір тарихи сәттен бастап халқымыздың тағдыры түбегейлі өзгерді. Ұлт өз жолын өзі айқындап, тарих сахнасына дербес мемлекет ретінде шықты. Азаттық таңымен бірге елдің еңсесі көтерілді, ұлт санасы жаңғырды, рухы қайта түлеп, жаңа дәуір басталды.
Мемлекеттілік – ұлт болмысының айнасы
Бүгінгі Қазақстан – саяси тұрақтылық пен экономикалық даму жолына түскен мемлекет. Егемендік жылдарында елдің әлеуметтік және мәдени келбеті түбегейлі жаңарып, өңірлердің әлеуеті артып, жаңа бастамаларға жол ашылды.
Республика күні – осы жетістіктердің бастауы болған тарихи кезеңді ұлықтайтын күн. Бұл мереке халықтың мемлекетке деген сенімін арттырып, ел бірлігін нығайтады. Өйткені республика – халық билігі, әділет пен теңдік идеясының көрінісі. Ол – демократия мен заң үстемдігін дәріптейтін құндылықтардың жиынтығы. Республика күні бізді осы құндылықтарды сақтау мен дамыту жолында бір мақсатқа ұйыстырады.
Республика – халық еркіндігінің нышаны
Тәуелсіздікпен бірге халықтың да ой-санасы жаңарып, азаматтық қоғам қалыптасты. Елдің әрбір табысы мен жетістігі Республика күнінің жалғасы іспетті. Экономика нығайып, ғылым мен мәдениет өркендеді. Қалалар мен ауылдар жаңарып, жаңа өндірістер мен кәсіпорындар ашылды.
Шығыс Қазақстан сияқты өңірлер елдің әлеуметтік-экономикалық тірегіне айналды. ШҚО-да ірі өндіріс орындары дамып, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласы кең өріс алды. Инфрақұрылым мен мәдениет нысандары жаңартылып, ел еңсесі өсті. Бұл – егемендік берген мүмкіндік, республика мәртебесін бекіткен еңбек жемісі.
Жастар – Тәуелсіздіктің тірегі
Айтулы мереке, жастар үшін де ерекше мәнге ие. Бұл күн – ұлт тағдырына бейжай қарамайтын, ел болашағына жауапкершілік жүктеген жаңа буынды қалыптастырудың рухани негізі. Егемен елдің ертеңі – саналы да отансүйгіш жас ұрпақтың қолында.
Мектептер мен университеттерде өткізілетін тәрбие сағаттары мен патриоттық іс-шаралар – Республика рухын жас ұрпақтың бойына сіңірудің бір жолы. Бұл мереке арқылы жастар елдің өткені мен бүгініне көз жүгіртіп, Тәуелсіздіктің қадірін сезінеді, елжандылыққа тәрбиеленеді.
- Мен үшін Республика күні әрбір отбасынан басталатын ел мен жерге деген сенімділік, құрмет және ішкі рух. Себебі осы үш дүние арқылы, яғни, ҚР азаматы ретінде өзін еркін, тәртіпке бағынатын және ішіндегі сүйіспеншілікті қалыптастырады. Бұл күн – бабалардың аманаты. Әр мемлекеттік мереке ауқымды тойлануы керек деп ойлаймын, ол арқылы өскелең ұрпақ өз жерінің тарихын, байлығын және мәдени мұрасын сақтап, дәріптеуді үйренеді, - дейді Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының маманы Жадыра Рахатова.
Бірлік пен берекенің мерекесі
Республика күні – ел бірлігін дәріптейтін, халықты ортақ мақсатқа жұмылдыратын мереке. Бұл күні еліміздің барлық өңірінде түрлі мәдени және спорттық іс-шаралар, мерекелік жиындар өтеді. Ән мен күй, салт пен дәстүр, тарих пен тағылым – бәрі де егемендік рухын паш етеді.
Шемонаиха, Катонқарағай, Абай мен Аягөз – қай өңір болсын, халық Республика күнін ерекше ықыласпен атап өтеді. Бұл – елге деген сүйіспеншіліктің, ортақ тағдырға деген сенімнің көрінісі. Әрбір ауыл мен қалада көк байрақ желбіреп, халық жүрегінде отансүйгіштік рухы асқақтайды.
Тарихтан тағылым, болашақтан үміт
Республика күні – өткенге тағзым етіп, болашаққа бағдар түзейтін күн. Егемен елдің әр жетістігі – сол 1990 жылғы тарихи шешімнің жемісі. Бүгінгі таңда Қазақстан өңірлік тұрақтылықтың үлгісіне айналды. Экономикалық, әлеуметтік, мәдени салада жеткен жетістіктер – бірлік пен еңбек нәтижесі.
Біздің парызымыз – сол еркіндікті сақтау, тәуелсіздіктің туын биікте желбірету. Республика күні осы жауапкершілікті тағы бір еске салады. Бұл мереке – ел тағдырын жүрегімен сезінетін әрбір азаматтың санасында асқақ рух пен мақтаныш сезімін ұялатады.
Республика күні – азат елдің айбары, тәуелсіздікке бастау болған, жаңа дәуірдің есігін айқара ашқан тарихи белес.
Сондықтан да әрбір қазақстандық үшін Республика күні – тек мереке емес, жүректің үні, елдіктің нышаны, болашаққа деген нық сенімнің күні.
Айдос Мырзахметов