Республика күніне тарту: Алтай қаласында автобуспен жүру тегін болды
Республика күніне орай Шығыс Қазақстанның Алтай қаласында тұрғындарға ерекше сый жасалды – 25 қазан күні қала ішіндегі барлық бағыттар бойынша қоғамдық көлікте жүру тегін болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мерекелік бастама қала жұртының көңілін көтеріп, ортақ қуаныш пен бірліктің айғағына айналды.
«Біз әрбір қала тұрғыны осы күннің рухын сезінсін дейміз. Тегін жол жүру – маңызды мемлекеттік мерекеге арналған біздің шағын сыйлығымыз», — деді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Қуат Жуанғанов.
Қала тұрғындары бұл жаңалықты қуана қабылдап, жылы лебіздерін білдірді.
«Бүгін автобусқа мінгенде жүргізуші ақы төлеудің қажеті жоқ деді. Көңіл бірден көтерілді! Осындай қамқорлық адамдарды жақындастырады», — дейді қала тұрғыны Айгүл Сапарова.
«Зейнеткерлер мен студенттер үшін бұл – үлкен қолдау. Ұсақ нәрсе көрінгенімен, мейірім мен қамқорлық сезіледі», — деп қосты тұрақты жолаушы Владимир Колесников.
Көпшіліктің пікірінше, мұндай игі шаралар жыл сайынғы дәстүрге айналса, қаладағы мерекелердің шырайы арта түспек.
«Наурыз, Қала күні сияқты мейрамдарда да тегін жол жүру ұйымдастырылса, тұрғындарға қос қуаныш сыйлар еді», — дейді қала тұрғыны Мария Скоснягина.
Мереке күні Алтай көшелерінде барлық автобустар тұрғындар үшін тегін болды. Сондай-ақ, естелік сыйлықтар таратылды.
Оқи отырыңыз



