Марапат жауған мерейлі күн
Республика күні – ел мерейін асқақтатып, еңбегі еленген азаматтардың қуанышын еселеген мәртебелі мереке. Осы бір айтулы күн Шығыс Қазақстан жұртшылығы үшін де мерекелік көңіл мен игі тілектерге толы ерекше сәтке айналды. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, мәдениет пен руханияттың өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан абыройлы азаматтар түрлі деңгейдегі мемлекеттік және облыстық марапаттарға ие болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Сол марапат иелерінің қатарында біздің әріптесіміз, айтыс өнерінің ақтаңгері, жыр додаларының жүйрігі, қазақ руханиятының қадірлі тұлғасы – Серік Құсанбаев бар.
Серік Құсанбаев – ақын, жыршы, журналист, ҚР Мәдениет қайраткері, Зайсан ауданының құрметті азаматы. Ол өзінің шынайы талантымен, елге сіңірген еңбегімен және азаматтық болмысымен өңір руханиятының дамуына зор үлес қосып келеді.
1963 жылы 24 қыркүйекте Зайсан қаласында дүниеге келген Серік аға Мұхтар Әуезов атындағы мектепті тәмамдап, кейін Шәкерім атындағы Семей педагогикалық институтында жоғары білім алды. Жастайынан сөз өнеріне құштар болып өскен ол 1988 жылдан бастап айтыс сахнасына шығып, халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейдегі жыр додаларында топ жарған.
Ол — елге терең ой мен өр рух сыйлаған «Байғыз», «Жырлаумен өткен 20 жыл», «Дүбірге толы дүние», «Көкдауыл» атты кітаптардың авторы, әнші-термеші, ұлт өнерінің жанашыры. Қазіргі таңда жас ақындарға ұстаздық етіп, олардың шабытын ұштап, жыр жолындағы бағыт-бағдар беріп келеді.
2007 жылдың сәуір айынан бері облыстық «Дидар» газетінде еңбек етіп келе жатқан Серік Құсанбаев — өз ісінің шебері, өңір журналистикасы мен руханиятының алтын діңгегіне айналған тұлға.
Міне, осындай елге еңбегі сіңген абзал жандардың ерен еңбегі еленіп, Республика күні қарсаңында өңір халқы атынан Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов марапаттап, құрмет төрінен көрінуі – мерейлі мерекенің мәнін арттыра түсті.
Бұл күн – еңбектің, рухтың, елдік пен ерліктің салтанат құрған шынайы марапат жауған мерейлі күні болды.